09.07.2018

Үстіміздегі жылы шілде айының 09 күні әкімдіктің кіші мәжіліс залында, VІ - шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс жиырма сегізінші сессияның жалғасы өтті.

Аудандық мәслихаттың шілде айының 04 жұлдызындағы кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясында мәслихат регламентінің 2 тармағы 15 тармақшасына сәйкес, сессия жұмысына үзіліс жарияланған болатын. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18 бабына сәйкес, аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымдағы кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясының жұмысын жалғастырып, оны №8 сайлау округінен сайланған депутат, сессия төрағасы Х.Әшірбеков жүргізіп отырды.

Кезектен тыс сессиясының жалғастырып отырған жұмысының қарауына мына төмендегі мәселелер тыңдалды:

      3. Төлеби  аудандық  мәслихатының  2017  жылғы  25  желтоқсандағы №21/109-VІ «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

     4. Төлеби  аудандық  мәслихатының  2017  жылғы  28  желтоқсандағы №22/124-VІ «2018-2020 жылдарға арналған қала, ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

    Күн тәртібіндегі үшінші, төртінші мәселелер бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Ашраповтың хабарламасы тыңдалып,  тиісті шешімдер қабылданды.                        

    Сессия барысында аудан әкіміне біршама ұсыныстар айтылды. Мәселен, №13 сайлау  округінен сайланған депутат Ә.Әміралиев   Достық ауылындағы №16 Ш.Уалиханов атындағы мектепке 9 млн қаржы бөлінген және қосымша 24 млн қаржы бөлінуі тиіс болатын. Алайда, мәселе шешімін таппай отыр десе, №5 сайлау округінен сайланған депутат М.Ермаханбетова – Алтынбастау деген елді мекенде Алтынбастау орта мектебі қазіргі таңда жарықсыз отыр және де жылыту қазандығы істен шыққан. Осы өзекті мәселелердің шешілуін назарыңызға алсаңыз деді. №2 сайлау округінен сайланған депутат Т.Манкеев – Қасқасу ауылына қарасты Кенесарық мектебінің сметасын өз қаржысына жасатқанын айтып, осы жылы бюджеттен аздап ақша бөліп іргетасы қаланып қойылса, сондай - ақ  Диханкөл мектебінің сыртқы келбеті жақсы болғанымен, ішкі жағдайы нашар. Соған көңіл бөлінуін сұранды. №12 сайлау округінен сайланған депутат С.Құлманов – Шымкент цемент зауытының шикізат алынатын кареьр жұмысына алаңдаушылық білдірді. Біріншіден тасты белгіленген жерден алмай жатқандығы, оның үстіне карерьдің тым тереңдеп бара жатқанын, шикізат өндіруші кәсіпкерлердің кінәсінен Кемеқалған ауылдық округінде бұлақ көздерінің тартылып бара жатқанын сөз етті. №4 сайлау округінен сайланған депутат А.Ақтаев - Көксәйек ауылдық округіне қарасты 8 март елді мекенінде балабақша ғимаратында бастауыш мектебі оқытылып жатыр, онда 100 бала сабақ оқиды. Осы жылы 15-20 млн ақша бөліп, 100 орындық бастауыш мектептің құрылысын бастап қойса деген ұсынысын жеткізді. №14 сайлау округінен сайланған депутат К.Османов – Киелітас ауылдық округіне қарасты Жыланбұзған орта мектебінің оқушыларына тратуар қажеттілігіне қозғау салса, №15 сайлау округінен сайланған депутат Н.Құлышев – қалада, әсіресе мөлтек аудандарда ауызсу тапшылығын көтеріп, ауыз мәселесіне көңіл бөлуді сұранды.