28.08.2018

Білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Ендi санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталмақ. «Әр iстiң өз iргетасы бар» дегендей, әр жаңа оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық. Осыған орай жыл сайын дәстүрге айналған тамыз кеңесі 28 тамыз күні ауданымыздың Мәдениет үйінде өтті. Тамыз кеңесi – дәстүрге айналған кезектi мәжiлiс қана емес. Бұл керектi жиын, деректi бас қосу. Олай болса, бiлiм саласындағы жаңалықтарын жариялап, бiлгендерін бөлiсуге, түйінділерін түгендеуге ұстаздар қауымы тамыз кеңесінде бас қосты.

Бұл керекті жиынға аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімі Бауыржан Омарбеков, аудан прокуроры Дәулет Тілемісов, ауданымызға қарасты ауыл мектептерінің ұстаздары қатысты.

Оқушылар өздері құрастырған роботтарымен таныстырып, бірінші басшыларға модельдеу және бағдарламалау жұмыстары туралы түсіндірді.

Жетістікке жеткен мектептердің ұжымы мен марапатқа ие болған ұстаздар бір-бірлерін құттықтап, жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алатындарын айтты. Ертеңгі күннің еншісі – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Бұл ретте, барлық үміт- ұстаз бойындағы міндетте. Ұстаз – ұлағатты атау. Алтын ұя мектептің жаны да, ары да – мұғалім. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі. Себебі ұстаз қаншалықты қабілетті болса, оқушы да соншалықты талапты болмақ. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағлымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы ұстаным.