15.12.2018

Төлеби аудандық мәлихат хатшысының Тәуелсіздік күнімен құттықтау сөзі

 

Құрметті жерлестер!

Сіздерді еліміз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – киелі жеріміз бен болашақ ұрпақтың бостандығы үшін күрескен ата-бабаларымыздың асқақ армандарының орындалған күні. Сондықтан әрбір қазақ азаматының жанына жақын, жүрегіне ыстық.

Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті. Адам баласы сияқты, мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі мезеттер. Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің айтып кеткен орамды сөзі, өнегелі өсиеті.

Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 27 жыл толды.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жас мемлекетіміздің босағасын бекітуге, шаңырағын көтеруге көп күш салды. Елбасының көрегендігі мен кемеңгерлігінің арқасында көпұлтты халқымыздың алдынан жарқын жол ашылды. Өшкеніміз жанды. Ұмытылғанымыз жаңғырды. Тіліміз де, діліміз де, дініміз де жаңа белеске бет түзеп, қайта жаңғырды. Жүзі бөлек – жүрегі бір, түрі бөлек – тілегі бір ел-жұртымыздың ынтымағы ырысты, достығы дархандыққа ұласты. Тәуелсіздік сіздер мен біздер үшін және ізімізді жалғастырар жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық.

Елбасымыздың баянды басшылығымен көпұлтты Қазақстан халқы ұлы мұратқа бет алды. Татулық пен тұрақтылық орныққан ортақ Отанымыз – Қазақстан ынтымақ ұясына, татулық төріне айналды.

Ардақты ағайын!

Азаттық рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, атқарып жүрген еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

 

Ізгі ниетпен,
          Төлеби аудандық мәслихат хатшысы                                     Н. Қойбағаров