25.03.2016

Ақпараттық хабар

2016 жылдың 25 наурызында VI - шақырылымдағы Төлеби аудандық мәслихатының алғашқы ұйымдастыру сессиясы болып өтті.

 

         Алғашқы ұйымдастыру сессиясын Төлеби аудандық сайлау комиссиясының төрағасы О.Сүттібаев ашып, 20 наурызда өткен сайлаудың қорытындысы яғни  аудандық мәслихатқа сайланған депутаттарды тіркеу            туралы сайлау комиссиясының шешімін жария етті.

        Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құзырын айқындайтын қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы заңның талаптарына сәйкес жаңадан сайланған аудандық мәслихаттың бірінші сессиясының төрағалығына №12 сайлау округінен сайланған депутат          С.Құлманов сайланып, сессия жұмысын  одан әрі  жүргізіп отырды.

      Сессияның күн тәртібіндегі «Төлеби аудандық мәслихатының хатшысын сайлау туралы» мәселе бойынша мәслихат регламентінде  белгіленгендей  мәслихат хатшысын сайлау  ашық та, жабық   түрде де өткізуге болатынын ескертіп, ашық дауыспен сайлауға келісілді.   Депутаттар №11 сайлау округінен сайланған депутат Қойбағаров Нұрлан Хамзаұлын бір ауыздан Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы етіп сайлады.

          «Алтыншы шақырылымдағы Төлеби аудандық мәслихаттың құрылымын белгілеу туралы» мәселе бойынша аудандық мәслихаттың құрылымы төмендегіше тұрақты комиссиялардан құралады деп  белгіленді, олар:

     - бюджет, аумақты экономикалық - әлеуметтік дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы;

     - мемлекеттік заңдылық, азаматтардың еркі мен құқығын қорғау, депутаттық өкілеттілік және депутаттың этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы;

      - экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, әкімшілік –аумақтық құрылым, қоғамдық өзін - өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы.   

            «Алтыншы шақырылымдағы Төлеби аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының құрамы мен олардың төрағаларын сайлау туралы» мәселе бойынша тұрақты комиссиялардың мүшелері  сайланды.      Сонымен қатар   -  аудандық мәслихаттың бюджет, аумақты экономикалық - әлеуметтік дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының  төрағасы  болып,  №3 сайлау округінен сайланған депутат, Төлеби  аудандық емхананың бас дәрігері Айтбаев Данияр Сапаралыұлы;

        - аудандық мәслихаттың мемлекеттік заңдылық, азаматтардың еркі менқұқығын қорғау, депутаттық өкілеттілік және депутаттың этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып, №12 сайлау округінен сайланған депутат, «Транс Ойл» сақтандыру компаниясының Төлеби ауданындағы өкілі Құлманов Сайлаубай;    

       - аудандық мәслихаттың экология және табиғат ресурстарын тиімдіпайдалану, әкімшілік – аумақтық құрылым, қоғамдық өзін - өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып, №17 сайлау округінен сайланған депутат, кәсіпкер Татыбаев Қайдар Бердібайұлы сайланды.

        «Алтыншы шақырылымдағы Төлеби аудандық мәслихатында «Нұр Отан» партиясының депутатық фракциясын тіркеу туралы» мәселе бойынша сессияға «Нұр Отан» партиясы Төлеби аудандық филиалының саяси кеңесі мен осы партияның атынан сайлауға түсіп, жеңіп шыққан депутаттардан  мәслихатқа «Нұр Отан»  партиясының депутаттық фракциясын тіркеу туралы ұсыныс түсті. Аталған  мәселе «Нұр Отан» партиясына мүше депутаттармен жан-жақты қаралып талқыланып, фракция төрағалығы №9 сайлау округінен сайланған депутат,  «Нұр Отан» партиясы Төлеби аудандық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қансейтов Қуанышбек Үсіпәлиұлына жүктелді.

        «Аудандық мәслихаттың алдағы болатын кезекті сессиясының төрағасы болып, №16 сайлау округінен сайланған депутат   Нышанов Жандар Садықбекұлы  сайланды.