19.02.2019

Адамгершілік – маңызды моральдық қасиет

Мораль  және адамгершілік туралы ілім этика (әдеп) болып табылады. Сондықтан этикет этика ілімінің  негізінде қалыптасқан, яғни  адамгершілік құндылықтарды  сақтай отырып, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынаста тәртіп сақтау ережелері қалыптасты. Белгілі бір тәртіпсіз өмір сүру  мүмкін емес, себебі егер қоғамда белгілі бір этика сақталмайтын болса, адамдардың арасында қатынас хаосқа айналып кетуі мүмкін. Сондықтан әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыда бақылайтын, теріс қылықтарды азайтатын белгілі бір нормалар жиынтығы құрылған. Қызмет бабында этиканы сақтау бүгінгі уақытта өте маңызды мәнге ие болып табылады. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы – басты назарда. Мемлекеттік қызметкер әр түрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен  жұмыс істейтіндіктен, қызмет орнында өзін-өзін ұстай білуі, сырт келбеті мен киім үлгісі тәртіпке сай болуын қадағалау,  анық әрі түсінікті, жүйелі түрде сөйлей білуі – осылардың барлығы қызметкердің кәсіби этикалық принциптеріне және жалпы қабылданған этика жүйелеріне жатады.

Сыртқы түр этикетінен де хабардар болған жөн. Тап-таза, өзіне сенімді, сыпайы, көзге ұрып тұратын артық жылтырақсыз киінген қызметкер сенімге тез ие болады. Тиімді қарым-қатынас үшін әңгімелесушіні өзіне бейімдеудің, ұстамды, ашық адамға тән қасиеттерді меңгерудің, сөйлеу білудің де маңызы зор.  Жақсы сөйлеуге үйрену үшін, әдеби кітаптар оқып, өлеңдер мен көркемсөздер жаттау арқылы жадыны жаңғыртып отырған жөн. Зейін қоя тыңдау. Ықыласпен тыңдаған сайын сөйлеуші де бар ынтасымен әңгімелей түседі. Белсенді тыңдай отырып, мәселе бойынша орынды сұрақтар қоя білу – әңгімелесудің маңызды бір бөлігі.Телефонмен әңгіме – мемлекеттік қызметші жұмысының ажырамас бөлігі. Телефонмен сөйлесе білу де – биік мәдениеттіліктің белгісі.

Аудандық мәслихат аппаратының хатшысы  Н.Қойбағаров аппараттың мемлекеттік қызметшілерінен жоғарыда айтылған қызмет этикасы ережелерін қатаң сақтауды талап етеді. Аудандық мәслихат аппаратында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер әдеп нормаларын сақтап қана қоймай, ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастырып, елге қызмет етуде. Аудандық мәслихат аппаратына жуырда жұмысқа орналасқан жас мамандар – инспектор қызметін атқарып жүрген Паңбай Мұрат Мекембайұлы мен Ешетай Ақбота Қонайқызы тәжірибелі әріптестерінен үлгі-өнеге алып, қызметтік этикет принциптерін үйренуде.

Мемлекеттік қызметшілер адалдықтың ақ туын абыроймен ұстаса, еліміздің болашағы жарқын болады деп ойлаймын. 

А.СҮТТІБАЕВ,

аудандық мәслихат аппаратының бас маманы.