22.02.2019

Жарқын елдің болашағы - жас маман

«Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі, әрі бірегейі жастар мәселесі" деп Елбасы атап көрсеткендей, шынымен де, қоғамның дамуында жастардың алар орны ерекше. Биылғы жылды «Жастар жылы»  деп жариялағанын еліміздің барлық жастары зор шабытпен қабылдады. Бұл біз сияқты жас буын ұрпаққа сенім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі деп білемін. Өйткені, жастар қоғамды нығайту мен жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастардың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасап келеді. Мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, жастардың әлеуметтік жағынан қолдау тауып жатыр. Мәселен, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Өрлеу», «Әрбір отбасына «7-20-25»  сенімді бағдарламалар қаншама жастарға демеу болуда. Жолдауындағы бастаманы әрі қарай жалғастыру, жаңаша бағыттармен толықтыру,  менің ойымша, жастарға да тиесілі.

Мен қазіргі кезде, мәслихат аппаратының жас маман қызметкері ретінде, ауыл әкімдері мен депутаттар корпусының халық алдындағы есеп беру жиындарына қатысып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы ұшан теңіз екендігіне көз жеткіздім. Алған әсерім де ерекше, жалпы халыққа қажетті көптеген игі мәселелердің шешімінің тапқанына, билікке деген халықтың сенімінің артқанына, барлық салаларда жетістіктерге  қол жеткізіп жатқанына куә болдым. Сондықтан, Қазақстандық әрбір жас бейбіт, бірлігі жарасқан, әлеуметтік-экономикалық ахуалы дамыған елде тұрып жатқандығын мақтан тұтуы керек.

Ауданда жастармен жұмыс жүргізу және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстар туралы өзекті мәселесі аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясында екі рет қаралды.

Бүгінгі ұсақ құқық бұзушылық дегеніміз - ертеңгі үлкен қылмыстың баспалдағы. Сондықтан, жасөспірімдер тәрбиесі мәселесіне біржақты қарамай, оған қоғамдық тұрғыдан мән беріп, қиын балаларды түзу жолға салудың мүмкіндіктерін ата-аналар, қоғамдық ұйымдар және жастар орталығымен бірлесіп іздестірудің жолдары комиссияда талқыланды.

2011 жылы жастар арасындағы құқық бұзушылықты жою, жұмыссыздықты азайту, жастардың патриоттық тәрбие мен сана сезіміне ұлттық рух деңгейін көтеру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» құрылған. Ауданымыздың отыз мыңнан астам халқын жастар құрайды. «Болар елдің баласы –он бесінде баспын дер, болмас елдің баласы отызында жаспын дер» деген сөзге мән берсек, аға ұрпақ қашанда өзінен кейінгілердің азып-тозбауына мүдделік танытып қоймай, олардың алдыңғы буынның ісін жалғастыруын қалайды. Ұлтымыздың мыңдаған жылдар бойына қалыптасқан салт-дәстүріне, тіліне, діліне, дініне берік болуын аманаттап, бос тұрған «Ғарыш» кинотеатрын жастардың болашағы үшін «Жастар ресурстық орталығының» қарамағына тапсыру туралы мәселесі тұрақты комиссияда қаралып, оң шешімін тапты.

Өткен жылы депутаттардың бастамасымен тұңғыш рет спорттың сегіз түрінен «Төлеби ауданы ойындары» атты спорттық сайысқа 14 пен 29 жас аралығындағы жастардан 120 топ құрылып, 3000 астам жастар өз бақтарын сынады. Бұл  іс-шараның  мақсаты жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге және салауатты өмір салтына баулу. Аталған іс-шараны өткізу, бұдан былай да дәстүрге айналмақ.

Гаухар тастың қанша қыры болса, сонша сәуле шашатыны анық. Осы ретте сол бір сәуленің жарқырап түсуіне, бірден бір үлес қосып жүрген алдыңғы аға буын ағаларымызға алғыс айта отырып, атқарушы билікпен қатар өкілетті билік иелері депутаттар корпустарының да рөлі ерекше екенін айтқым келеді.

Нұрлы болашақтың даңғыл жолында шабысы қатты тұлпардай жүйткіген боз ерен ретінде алар асуым әлі алда.

Әрбір  жас «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деген ұранмен өмір сүруіміз керек. Елбасымыз бүтіндей бір жылды «Жастар жылы» деп атауының себебі де, осындай жауапкершілікті жүктеп отыр. Біз қазіргі заманғы Қазақстанның идеалында тәрбиеленіп, өз еңбектерімізбен, білімге деген ұмтылыстарымызбен, Мәңгілік Елдің даңқын асырып,  Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тындыруға міндетті екенімізді естен шығармайық!

 

Аудандық мәслихат аппаратының

инспекторы                                                                        Мұрат Паңбай