12.03.2019

«Цифрлы Қазақстан»: Электронды үкімет – уақыт талабы

Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып жатқан заманында қоғамға қажетті ақпараттың қолжетімді болуы өте маңызды.Ел экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, бірқатары іске асып жатыр. Соның бірі "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы.

   Аталған бағдарламаны әзірлеуге Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы  31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы негіз болды. Бағдарламаның міндеті -алдағы 4 жылда Қазақстандағы интернет пайдаланушылар үлесін 82 пайызға дейін көтеру, республика халқын эфирлік телехабарлармен қамтуды 95 пайызға жеткізу және халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 83 пайызға дейін көтеру болатын. Сонымен қатар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінен электрондық түрде алынған мемлекеттік қызметтердің үлесін 80 пайызға көтеру жоспарланған.

    "Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты", - деді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында. 

   Бағдарлама негізгі бес бағытты құрайды. Бірінші бағыт – экономиканың салалары көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды саудаға цифрлық технологияны ендіру. Екінші бағыт – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру. Үшіншісі – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуеттін арттыру. Төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау және бесінші бағыт – ол инновациялық экожүйені құру жұмыстары атқарылатын болады.

   Цифрландыруды жетілдіру үшін бірқатар дамыған мемлекеттердің тәжірибесі зерттелді. Атап айтқанда, цифрлық технологияны жүзеге асыруда үлкен жетістіктерге жеткен Австрия, Дания, Австралия, Канада және Сингапур секілді елдерден үйренеріміз мол. Мәселен, Австрия астанасы Венада қалалық бюджетті әзірлеуде жоспарлаудың «цифрлық» принципі қолданылады. Нәтижесінде, қала қазынасында жыл сайын 2 миллион еуро үнемделеді екен. Ал, Бостонда (АҚШ) коммуналды қызмет түрлерін бақылауға арналған мобильді қосымша іске қосылғалы бері тұрғындар тарапынан түсетін шағым 66 пайызға қысқарған.

    Қазіргі кезде бұл өзгерістермен күнделікті жұмыс барысында кездесіп жатырмыз. Атап айтсақ, мәслихатта қабылданған қала және ауылдық округтер мен аудан бюджеттері туралы шешімдер және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді облыстық әділет департаментіне тіркеу, оны Эталонды бақылау банкіне ресми жариялауға электронды жіберу мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасуды жылдамдатып отыр. Осы уақытқа дейін алтыншы шақырылымдағы аудандық мәслихат 36 сессия өткізіп, аудан үшін аса маңызды 45 нормативтік-құқықтық акті қабылдады.

       Мәслихатқа келіп түскен кез келген құжаттың заңдылығы аса мұқият тексеріледі. Күн тәртібіндегі мәселелер тұрақты комиссияларда жан-жақты зерделеніп, сессияның қарауына ұсынылады. Мәслихат аппаратының қызметкерлері депутаттардың өздеріне қатысты өкілеттіктері аясында сайлаушылармен жұмыс жүргізуіне әдістемелік көмек көрсетіп, олардың атқарып жатқан жұмыстары жайлы ақпараттарды сайтқа орналастырады. Сайлаушылар алдында есеп беруі мен ақпараттарын газет бетінде жариялап отыруын қадағалайды. Кәсіпкерлік саласына қатысты шешімдер облыстық кәсіпкерлер палатасының оң қорытындысын алу арқылы жүзеге асырылса, қоғамдық кеңес отырысының келісімімен шешімдер тіркеуден өтеді.

       Қағазсыз құжат айналымға көшу аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нормативтік-құқықтық актілерді рәсімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 6 қазандағы №568 және «Заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 6 қазандағы №569 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысы қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2018 жылдың 1-ші жарты жылдығында нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін облыс орталығына (бұрынғы Шымкент қаласы) іс-сапармен баруға бір күн уақыт қажет болса, қазіргі таңда мемлекеттік тіркеуге құжатты электронды жіберу жарты сағатты құрап отыр.

       Нормативтік құқықтық актілерді электронды тіркеуге көшу - уақыт талабы, сондай-ақ осы құжаттарды тіркеуді автоматтандыру процесі "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын толықтырады.

      Жалпы, мұның бәрі халықтың ғаламтор игілігін кеңінен пайдалануы үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі артып, халықтың әл-ауқаты көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады. Ал, бұл мақсатқа жету үшін еліміз үшінші жаңғыруды еңсеруі тиіс.

 

     Аудандық мәслихат аппаратының

     бас маман-заңгері                                                                   Жумалі Дәулет