07.09.2020

ЖОЛДАУДА АЙҚЫН ӘРІ НАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы ел дамуының нақты векторларын анықтап берді.

Жолдауда келелі мәселелер көтеріліп, елдегі ең өзекті мәселелердің бәрі қамтылған.

Өзім ұзақ жылдар бойы мәслихатта қызмет жасап келе жатқандықтан жергілікті жерде мемлекеттік басқару билігінің бір тармағы - өкілді органның жауапкершілігін, рөлін арттыру жөніндегі айқындамасын ерекше ықыласпен қабылдадым.

«Мәслихаттар халық сайлаған өкілді орган ретінде өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Осы орайда мәслихаттарға өңірді, аумақты дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беруге болады» - деген ойын жеткізді.

Қоғамда мәслихаттар жергілікті биліктің және барлық сайлау науқандары түрлерінің әрекеттерінде негізгі рөлге ие болғанын сеніммен айтуға болады.

Қоғамды демократияландыру үдерістерінде жергілікті өкілді орган - халық билігінің негізгі формасы ретінде мәслихаттардың рөлін арттыру арқылы халықты саяси реформаларға тарту мүмкіндігі жоғарылайтын болды.

Сондай-ақ «Жергілікті өзін өзі басқару органдары болып саналатын жиындар мен жиналыстардың мәртебесін арттырған жөн. Аудандық мәслихаттар нақты шешімдер қабылдаған кезде олардың өзекті мәселелер туралы пікірін ескеруге тиіс», - делінді Жолдауда.

2017 жылы ауданда жергілікті өзін-өзі басқару органы болып саналатын жиындар мен жиналыстар құрылып, мәслихаттың нормативтік құқықтық актісімен олардың мәртебесі айқындалды, міндеттері мен мақсаттары белгіленді. Содан бергі уақытта мәслихат бюджетке қатысты, азаматтардың еркі мен құқықтарына қатысты шешімдер қабылдау кезінде олардың тиісті мәселелер бойынша өзекті пікірлері ескеріліп келеді.

Аудандық мәслихат оның депутаттары аудан өмірінің қай саласына да белсене араласып, депутаттық, партиялық жауапкершілігін жете сезіне білді. Келешекте де аудан халқының пікірі мен мемлекеттік мүддені ескере отырып, Жолдауда туындаған міндеттерді жүзеге асырудың шаралары жүргізіле беретін болады.

Бағдарламалық маңызы терең, тұжырымдамасы анық бұл Жолдау нәтижелі жұмыстарға бастайтынына сенімдіміз.

Кемелов Бақыт,

аудандық мәслихат аппаратының

бөлім басшысы