28.09.2020

Төлеби аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымдағы кезекті елу бесінші сессиясы өтті.

Бүгін алтыншы шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезекті елу бесінші сессиясы өтті.

Кезекті сессияның күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Атап айтқанда:

- ауданның әлеуметтік-экономикалық даму ахуалының барысы туралы аудан әкімінің есебі;

- Төлеби аудандық мәслихатының 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №49/271-VI «2020-2022 жылдарға арналған қала, ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

- Төлеби аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 наурыздағы   №50/276-VI «Төлеби ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсызданыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға 2020 жылы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беру туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

- Төлеби ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы;

- аудандық мәслихаттың алдағы болатын сессиясының төрағасын сайлау туралы.

Аудан әкімінің есебінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстар қамтылып, әсіресе көркейту жұмыстарына басымдық берілгенін аудан орталығы Ленгір қаласы мен елді мекендердің абаттандырылуына, жолдардың жөнделуіне қажетті қаржы қарастырылып, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты межелер белгіленгенін айтты.

Ауылшаруашылық саласының өнім көлемі 2020 жылдың 8 айында 23 млрд 841 млн теңгені құраған. Нақты көлем индексі 101,4 пайыз, ал жылдық меже 43 млрд теңгенің өнімін өндіру, нақты индекс көлемін 104,2 пайызға жеткізу межеленіп отыр.

Өнеркәсіп саласында ауданымызда 20 кәсіпорын, оның ішінде 2 ірі және орта, 15 шағын және 3 қосалқы кәсіпорындар жұмыс жасауда.

Ауданның даму көрсеткіші бойынша өнеркәсіп өнім көлеміне жоспарланған меже – 38 млрд теңге және нақты көлем индексі 105,7 пайызға жету көзделіп отырғандығын атап өтті.

Бұдан кейін 2020-2022 жылдарға арналған қала, ауылдық округтердің бюджеттері нақтыланып, атқарылатын жұмыстарға қаржы бөлінуі көзделді.

Сонымен қатар «Төлеби ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсызданыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға 2020 жылы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беру туралы» шешімін өзгерту бойынша бұл санатқа ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметшілердің де енгізетіні атап өтілді.

Төртінші мәселеде Төлеби ауданының Құрмет грамотасына 15 азамат ұсынылды.

Күн тәртібіндегі бесінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың алдағы болатын сессия төрағасы болып, №2 сайлау округінен сайланған депутат Т.Манкеев сайланды.