29.10.2020

МӘУЛІТ ТӨЛЕБИ ТӨРІНДЕ!

 

Бүгін ауданымыздың бас имамы С.Анарбаевтың және бірқатар жомарт  азаматтардың ұйымдастыруымен адамзаттың ардақтысы, көркем мінездің өшпес үлгісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың туылған күніне орай,  Мәуліт мерекесі аталып өтті. Діни іс-шарада алғашқы болып сөз алған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді қажы арнайы қатысып, жиналған қауымды құттықтап, Мәуліт мерекесінің маңыздылығына тоқталды.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күнін атап өтуге арналған жиындардың арқасында, халқымыз Пайғамбарымызды жақыннан тани түсіп, жүректерге имандылық ұялайды. Ал, имандылық – адамзат баласының тату-тәтті, ауызбіршілікте өмір сүруіне жол бастайды. Мәуліт күндері адамдардың бойынан көрінетін көркем мінезділік пен көңіл қуантарлық игілікті істер осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы.

Халқымызды имандылыққа ұйытып, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда және асыл дініміздің абыройын асқақтатқан дін жолындағы қажырлы еңбегі мен ауданымыздың дамып өркендеуіне қосқан сүбелі үлестері үшін бірқатар имамдары аудан әкімінің алғыс хаты мен аудандық мәслихаттың грамотасымен марапатталды.

Мерекелік іс-шара соңында аз қамтылған 55 отбасыға азық – түліктер таратылды.

Мәуліт ән-Нәби – пайғамбарымыз әзірет Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күні жыл сайынғы дәстүрлі іс-шараға айналып келеді.