14.04.2016

Алатау ауылдық округіндегі кездесу.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Қойбағаров  14 сәуір күні   Алатау ауылдық округінде  халықпен кездесу өткізді.

        Жиынға осы округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаттары  Т.Манкеев және Қ.Әшірбеков,  мәслихат аппартының басшысы А. Абдрахманов, ауыл округі әкімі аппаратының қызметкерлері  сонымен қатар ауылдық ардагерлер ұйымының төрағалары, (ауыл ақсақалдары),  жергілікті қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері,   мектеп басшылары мен ФАП меңгерушілері және Алатау ауылдық округінің халқы қатытсы.

         Халықпен басқосу мәжілісін ауыл әкімі Б.Ешімбетов ашып, жүргізіп отырды.

          Мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров жиналғандарға өзін таныстырып, жаңа шақырылымдағы мәслихат пен оның құрылымдарының, сайланған депутаттардың құзыры мен міндеттері, өкілеттіктері және алдағы уақыттарда атқарылатын іс-шаралардың жоспарлары туралы сөз қозғады. 

       Қайнар ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жақсыбай Тұрғанов  жаңадан сайланған мәслихат хатшысын қызметімен құттықтап, Қайнар елді мекеніндегі ең өзекті деп саналып отырған мәселе мектеп мәселесін көтерді. Мектеп 1970 жылы  оқушылардың жатақханасы ретінде салынғанын, қазіргі заман талабына келмейтін әрі аудандағы әбден тозығы жеткен жалғыз мектеп екендігін айтты. Мектептің жобалық сметалық құжаттары дайын, егер мектептің құрылысына биыл  қаржы бөлінбесе сметалық құжаттардың мерзімі бітіп, қаржының босқа шығындалатынына алаңдаушылық білдірді.   

         Малды қолдан ұрықтандыру пункті бар бірақ жұмыс істемейді. Малдарды тоғыту жұмыстары да шешімін таппай отыр деді.   Келешекте  Екпінді, Алатау, Қайнар, Қосағаш ауылдары тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін  мал шомылдыратын жай салып берсе деген көшпшіліктің сұранысын жеткізді.   

                 Қосағаш ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Исағали Медетов ауылдағы бастауыш мектепті негізгі мектепке айналдыру уақыты жеткендігін еске сала отырып, жаңа ғимараттар салуға деп қалдырылған жер учаскесі тарылып барады деді.  Оқушылар Екпіндідегі мектепке көлікпен тасылмайтындықтан  ауылда  аяқ жол (тротуар) салу керектігіне,   мал ауруларына қарсы егуге дәрі-дәрмектердің кеш бөлінетініне, ауыз су құбырлары жүргізілгеннен кейін жолдар бұзылып, лайға айналып, жолда жүру қиындап кеткені жайлы сөз етті.

         Жеке кәсіпкер Қ.Тұрданов жиналысқа шақырылмай қалғаны үшін ауыл әкіміне өкпесін білдіріп, округтегі атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын мәлімдеген кәсіпкер жолдың жөнделмей жатқанын, ауылға кіре берістегі арканың көріксіздігін және жазда ағынсудың асфальтқа жайылып жататынын әңгімеге арқау етті.

         Жарыссөз айтылып болған соң, жоғарыда айтылған сұрақтар мен ұсыныстар бойынша Алатау ауылдық округінің әкімі Болысбек Ешімбетов жауап қайтарды.

         Аудандық мәслихаттың депутаты Қ.Әшірбеков ауыл округінлегі өзекті мәселелерден хабардар екенін және әңгімеге арқау болып отырған мәселелерді (мектеп, ауыз су, жол,  ағын су т.с.с) мүмкін болғанша шешім табуына, көтеріліп отырған шаруаларды тиісті мекеме басшылары мен билік органдарының лауазымды тұлғаларының назарына жеткізіп қана қоймай олардың іске асуына мандатымды пайдаланатын боламын деді, жалпы сайлаушылармен бірге тығыз қарым– қатынас орната отырып бірлесе атқаратындығын айтты.

            Жиналысты қорытындылаған мәслихаттың хатшысы алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтіп, жиналысқа қатысқан азаматтарға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар кездесуде айтылған ұсыныстар бойынша іс-шаралар жасалынып,   орындалуы мәслихат тарапынан қадағаланып отырады деді.