22.04.2016

22 сәуір күні VІ - шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясы өтті.

        Сессия жұмысы басталмай тұрып аудан әкімінің орынбасары М.Пернебеков аудан әкімі атынан  өткен  шақырылымның депутаттарына ауданның  экономикалық-әлеуметтік дамуына  қосқан сүбелі еңбектері    үшін  алғыс  білдіріп, сый-сияпат көрсетті.  

        Бұдан кейін сессия  төрағасы, №16 сайлау округінен сайланған депутат Ж.Нышанов  сессия мәжілісін ашып, оны жүргізіп отырды.

        Аудандық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясы  төмендегі: 

        Аудандық Қоғамдық кеңестің ережесін бекіту  және  аудандық мәслихат шешімінің күшін жою туралы мәселелерді қарап, тиісті шешімдер қабылдады.

        Атап айтқанда, халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін қалыптастыру мен ұйымдастыру тәртібін айқындайтын аудандық Қоғамдық кеңестің ережесі қабылданып, қоғамдық кеңестің мәртебесі, мақсаты мен міндеттері, кеңес қызметінің қағидаттары және өкілеттіктері белгіленді.

         Екінші мәселе бойынша, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 3 желтоқсандағы №432-V Заңымен Салық кодексінің 387 бабының 1-1 тармағы алып тасталып, 386 бап мынадай мазмұндағы 5 тармақпен толықтырылды:

          "5. Жергілікті өкілді органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес падаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге осы Кодекстің 378-бабында белгіленген жер салығының базалық мөлшерлемелерін жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде он еседен асырмай жоғарылатуға құқығы бар."

Ал, аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы 46/228-V "Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының мөлшерлемесін және бірыңғай жер салығының нормасын он есеге көтеру туралы" шешімі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы кодексінің 387 бабының 1-1 тармағына сәйкес қабылданған.

         Осыған байланысты, аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы 46/228-V "Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының мөлшерлемесін және бірыңғай жер салығының нормасын он есеге көтеру туралы" шешімі күшін жойды.