14.06.2016

Ағымдағы жылы 10 маусым күні ҮІ-шақырылымдағы аудандық мәслихаттың экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, әкімшілік-аумақтық құрылым және қоғамдық өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияның мәжілісі өтті.

       

                 Комиссия жұмысына   №17 сайлау округінен сайланған депутат,  тұрақты комиссияның төрағасы Қ.Татыбаев   төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

                  Тұрақты комиссия мәжілісінің күн тәртібінде:  Леңгер қаласы  аумағындағы санитариялық ахуал мен  көгалдандыру бойынша қала әкімінің атқарып жатқан  жұмыстарының барысы туралы мәселе қаралды.            

              Тұрақты комиссия жалпы   қаладағы 96 көшенің тазалығын «шартты орташа» - деп бағалап, бұл бағытта аптасына бір рет тұрғындардың  жалпы тұрмыстық қалдықтары  «Көп салалы коммуналдық шаруашылық кәсіпорны» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мекемесімен кесте  бойынша шығарылып отыратынына және бұл жұмысқа күнделікті бес техника жұмылдырылып, санитарлық тазалықтың сақталынуына қала әкімінің бар мүмкіншілікті жұмылдырып отырғанын атап өтті..

          Алада комиссия мүшелері тұрғын үйді және басқа да үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды күтіп-ұстауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық қағидасында «Тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орнайластыру арнайы алаңшаларда, елді мекендерде тазалықты қамтамасыз ететін арнайы көлік құралдары  кіре алатын, алаңға қатты жабын (асфльт) жабылған және үш жағынан 1,5 метрден кем емес биіктікте қоршаумен қамтылған жағдайда сондай-ақ жеке меншік үй иелігінде қақпағы бар еркін құрылымдағы ыдыстарды пайдалануға жол беріледі» - делінгенімен контейнерлер қойылған жерлерде бұл талаптардың толық сақталынбағандығын, контейнерлердің 30 пайызға жуығы бос алаңқайларға орналастырылғаны, айналасы шашылып, қараусыз қалған иттер мен мысықтардың т.б. жануарлардың сол жерлерді  маңайлап жүргеніне, сонымен қатар  «Контейнерлерде қалдықтарды сақтау мерзімі 0 градус температурада және одан төмен болғанда 3 тәуліктен,  температура плюс болғанда 1 тәуліктен асыруға жол берілмейді»- деген талаптар да қалада шешімін таппай  отырғандығына комиссия алаңдаушылық білдірді.      Әсіресе, Шахта-Тоғыс поселкесіндегі жағдай сын көтермейді. Көп қабатты үйлер мен жеке меншік үйлерден шыққан жалпы тұрмыстық қалдықтар арнайы белгіленген орынға емес ескі мазараттың жанына тасталып, қоқыстар шашылып жатыр. Шығып жатқан сасық иіс қолқа қабады.  Өзен жағалауларын тазалау үшін сенбіліктер ұйымдастырылғанымен жағалауларда қайтадан тұрмыс қалдықтары жиналып қалған.       

         Тұрақты комиссия тәжірибе көрсетіп отырғандай соңғы кездері қалада бейне камералар орнатылғалы ұрлық-қарлық азайғанын ескере отырып,  сондай бақылау жүйелерін тазалықты сақтау жұмыстары мақсатында да қолданса деген пікір білдірді, алғашқы кезде көпқабатты үйлерге, қажетті деген орындарға орнатылуы қажет. Әрине, қазіргі қаржы дағдарысы еңсені басып тұрған кезде бұл мәселені көтеру әбестік те болар, дегенмен сол арқылы кім тазалық тәртібін бұзады, соны тиісті заң аясында әкімшілік жазаға тартса, мұндай тәсіл адамдарды жауапкершілікке тартумен қатар аудан бюджетінің қалтасын толтыруға да септігін тигізген болар еді. Тәулігіне ең аз дегенде оншақты адамды жауапқа тартуға болады. Кім қоқысты орынсыз жерге тастаса, балконнан лақтырса, көшеге малдарын қараусыз бос жіберсе, сол азаматтарға 10-20 АЕК мөлшерінде (2112 теңге) айыппұл салынсыншы, екінші жолы ол адам ондай әрекеттерге бармайды және отбасы мүшелерін тазалық тәртібін бұзбауға тәрбиелеп тазалық сақтауға оң ықпал еткен болар еді деп топшылайды.   

          Қаладағы кәріз жүйесінің жұмысы да талап деңгейінде емес.  Бірінші мөлтек ауданда орналасқан кәріз суларын тазалайтын қондырғы жұмыс істемейді, көп қабатты үйлерден шыққан кәріз сулары  ашық,  терең қазылған шұңқырларға жиналады. Күннің салқын уағында сасыған иістер білінбегенмен, күн ысыған кезде ол жердің айналасынан өту мүмкін емес. Бұл жердегі кәріз жүйесінің қалдықтарына сүзгі қондырғысын талапқа сай жұмыс істеуіне  қала әкімі дабыл қағу қажет деп есептейді. 

       Үлкен көшелердің бойындағы ирригациялық каналдар жолды кеңейту барысында көміліп,  жаңадан талапқа сай каналдар салынбағандықтан биылғы жылы  болған нөсерлі жауын-шашын кезіндегі ағынды  сулар үй аулаларына кіріп, халықты әбіржітіп тастады.  Қазылған қашыртқы арықтар  қайтадан көміліп оның пайдасы болмады, сондықтан  жан-жағы бетондалған қазіргі заманның талабына  сай келетін қашыртқы арықтар  салыну керек.

          Жоғардағы орын алып отырған кемшіліктерді ескере келе аудандық мәслихаттың экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, әкімшілік-аумақтық құрылым және қоғамдық өзін-өзі басқару жөніндегі  тұрақты  комиссиясы төмендегіше   ҚАУЛЫ  ҚАБЫЛДАДЫ:

        1.   Леңгер қаласы  аумағындағы санитариялық ахуал мен  көгалдандыру бойынша қала әкімінің атқарып жатқан  жұмыстарының барысы туралы қала әкімі С.Байымбетов  пен  осы мәселе бойынша жасалған аудандық мәслихаттың экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, әкімшілік-аумақтық құрылым және қоғамдық өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, депутат Е.Бектұрғановтың хабарламалары назарға алынып,  қала әкімінің бұл бағытта  атқарып жатқан  жұмыстары жеткіліксіз деп табылсын.

       2.   Қала әкіміне:

              -  мәселені зерделеу барысында орын алған кемшіліктерді   бір ай мерзімінде жоюды қамтамасыз ету;

                 -  қала әкімі   аппараты қызметкерлері мен тазалық, көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын мекемелерді қаланың санитариялық ахуалын барынша жақсартуға, жасыл желектерді күтіп ұстауға қала тұрғындарының  назарын  аударып, олармен түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу;

               -    көше, үй комитеттерінің өз аумағында тазалықтың сақталуын, көшеде үй жануарларының бос жүрмеуіне ықпал жасап, олардың қадағалау жұмыстарын жандандыру;

               -    атқарылған  жұмыстар  туралы  шілде  айының 15 жұлдызына дейін жазбаша ақпар беру ұсынылсын.

3.   Осы қаулының орындалуын қадағалау мақсатында көтерілген мәселе  2016 жылдың 4-ші  тоқсанында     қайта қаралсын.