28.07.2016

28 шілде күні ҮІ-шақырылымдағы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен мәжілісі өтті.

 

 Мәжілісті мәслихаттың бюджет, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Д.Айтбаев жүргізіп отырды.

Біріккен мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы, депутаттары, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы М.Пернебеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы К.Жолымбек, қала, ауылдық округ әкімдері, аудандық дербес бөлімдерінің басшылары, «Ленгер су» МКК қызметкерлері, ауданның бас имамы С.Анарбаев пен дін саласының қызметкерлері, АІІБ-нен Қ.Миркасов, «Шымкентгазмонтаж» АҚ бас инженері Қ.Конгирбаев, БАҚ өкілі (Ә.Рахманқұлов) және т.б. қатысты.

Тұрақты комиссияның күн тәртібінде:

  1. Ауданда халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің барысы туралы.
  2. Діни қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және терроризмге қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы мәселелер қаралды.

 

Күн тәртібіндегі 1-мәселе бойынша аудандық мәслихат тұрақты комиссиясының мүшесі Ж.Нышанов баяндама жасады. Баяндамасында аудан көлемінде халықты сапалы ауыз суды жеткізудегі қалыптасып отырған күрделі мәселелерді, әсіресе, Ленгер қаласында сапасыз жүргізілген ауыз су құрылысын қатаң сынға алып, аудан әкімдігінің, сондай-ақ тиісті сала басшыларының өз міндеттері мен жұмыстарына жауапсыздығынан бірнеше миллиардтаған қаржылар бөлініп отырса да халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырғанына қынжылыс білдірді.

       Бүгінде  30 000 - ға жуық халқы бар Ленгер қаласы  жыл бойы сапасыз, лай аралас лас су ішіп отыр. Тау шатқалдарынан бастау алатын «Жаңаұйым» ауылының жоғары жағындағы «Көктерек» щағын өзенінен су жинақтаушы тоған соғып, екі су айдайтын қондырғымен (насос), залалсыздандырмай қалаға су жеткізуде.    

          Су тұндырғыш (отстойник) азонды, ультра күлгінді сүзгіш қондырғылары (фильтрация) жұмыс істемей тұрғанын суреттер мен бейнесюжеттер арқылы көпшіліктің назарына жеткізді.

         Осы су жинақтаушы тоғандағы ауыз судың сапасына ОҚО «Мемсараптама» РМК, «Купол» ЖШС, Арал–Сырдария бассейндік инспекциясының және Төлеби аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы басшыларының немқұрайлы қарап, өз қорытындыларын бере салғанын сынға алды. 

Бұл мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы М.Күнтуовтың хабарламасы тұрақты комиссия мүшелерінің көтеріп отырған мәселелері мен сұрақтарын қанағаттандыра алмады, өзінің бұл мәселеден бейхабар екенін аңғартты.

Ал, аудандық «Ленгер су» МКК директоры Л.Серікбаев өзі басқарып отырған кәсіпорынның ішкі шаруаларын айтып, тығырықтан шығар жолдың жайын ашып бере алмады.

«Шымкентгазмонтаж» АҚ бас инженері Қ.Конгирбаев атқарылған жұмыстар жобалық сметалық құжаттама бойынша жүргізіліп жатқанын, ал жобаға кейбір үйлер, тіпті көшелер кірмей қалып, жұмыстардың сол себептерге байланысты кешеуілдеп отырғанын сөз етті. Оның үстіне абоненттердің саны да ұлғайып, сметалық құжатта көсетілген жұмыс көлемінен артық жұмыстар істелініп жатқанын айтып, кінәні жұмыс тапсырушыларға ысырып қойды.

Мәжіліс барысында ауыз су мәселесін шешудің жолдары жайлы сауалдар қойылып, ұсыныс пікірлер айтылып, алдағы атқарылар жұмыстар талқыға салынды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Діни  қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және терроризмге қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы»  комиссия төрағасы С.Құлманов баяндама жасады. Ол терроризмге қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасап, мемлекеттік органдардың заң аясындағы жұмыстарының зерделеу қорытындысымен, сонымен бірге, діни қызмет саласында атқарылып жатқан мемлекеттік саясатты іске асыру барысына тоқталды.

Бұл мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы, аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның мүшесі Қ.Тұрғынбаев – аудандағы терроризмге қарсы атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып, кемшіліктерді жою мақсатында жұмыстар жүргізілетініне сенім білдірді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Абдиев – діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстармен хабардар етті.

Мәжіліс барысында сөз алған – ауданның бас имамы С.Анарбаев діни қызметкер және еліміздің патриоты – жастар тәрбиесінің жанашыры ретінде бірқатар ойларымен бөлісті.

Тұрақты комиссия осы жоғарыда аталып кеткен мәселелерді талқылап, тиісті қаулылар қабылдады.