28.11.2016

28 қараша күні ҮІ-шақырылымдағы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен мәжілісі өтті.

Мәжілісті аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров жүргізіп отырды.

Біріккен мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы, депутаттары, аудан әкімінің орынбасары Р.Бейсебаева, қала, ауылдық округ әкімдері, аудандық дербес бөлімдерінің басшылары, аудандық «Жарық жол» МКК қызметкерлері,  АІІБ-нен Қ.Миркасов, жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары А.Тазабеков,  БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Тұрақты комиссияның күн тәртібінде:

1. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің елді мекендердегі көшелерді жөндеу және автомобиль жолдарын күтіп  ұстау бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы;

2. Зертас  ауылдық округі аумағында ауыл  әкімінің өзіне жүктелген міндеттерді орындау барысы  туралы;

3. Төлеби аудандық мәслихатының 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №47/231-V «2016-2018 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

4. Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет Грамотасымен марапаттауға ұсыну туралы;

5. Азаматтарға «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы;

6. Төлеби  аудандық  мәслихаты   депутаттарының депутаттық этикасы  жөніндегі  Ережені  бекіту туралы;

7. Төлеби аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының  міндеттерін бекіту туралы мәселелер қаралды.

 

Күн тәртібіндегі 1-мәселе бойынша аудандық мәслихат тұрақты комиссиясының төрағасы  С.Құлманов хабарлама жасады. Онда аудан аумағындағы облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелердің жалпы жағдайына тоқталып өтті. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидасында» жол белдеулерінде әртүрлі мақсаттағы обьектілерді өз бетінше салуға жол берілмейтінін, кез келген құрылыс, Қағиданың талаптарына сәйкес тиісті органдар мен мекемелерден рұқсат алу рәсімдерінен өтуі қажеттігіне назар аударды. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары белдеулеріне өтіп, «қызыл сызыққа» салынған және салынып жатқан нысандарды слайдтармен көрсете отырып сынға алды.

Сонымен бірге, жолдардағы жасанды ойлы-қырлылықтар (искусственная неровность) мен жол белгілері Қазақстан Республикасының стандарттау туралы Заңына сәйкес жылдамдықты азайту мақсатында қойылатыны жайлы сөз қозғады. Мемлекеттік стандарт нормасы бойынша, жасанды жол кедергілерінің өлшемі: ені -1.0 м, биіктігі 0.065 м және қисықсызықты беткейінің радиусы 1.93 м болып белгіленіп, қойылуына рұқсат етілген орындар мен әлеуметтік нысандар орналасқан ғимараттар маңына  10 метр қалған кезде жылдамдықты сағатына -20 шақырымға дейін түсіру туралы жол белгілері орнатылып барып қойылады. Сондықтан, жол бойындағы жасанды кедергілер мен жол белгілерді қолданыстағы заңнамалық актілердің талаптарына сәйкестендіру қажет деді.

 Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Зертас  ауылдық округі аумағында ауыл  әкімінің өзіне жүктелген міндеттерді орындау барысы  туралы»  мәселе бойынша тұрақты комиссия мүшесі М.Ермахамбетова хабарлама жасады. Ол Зертас ауылдық округі аумағы бойынша мәселелерді талқылап, рейтингтік көрсеткіштер бойынша 12 орын алған әкімнің жұмысын сынға алды. Әлеуметтік сала мен бүгінгі күннің ең маңызды мәселелерінің бірі ішкі көшелерді асфальттау жұмыстары, сондай-ақ, Жаңакүш елді мекенінің медициналық пунктпен және ауыз сумен қамтылмай отырғанына алаңдатушылық білдірді.

 Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Төлеби аудандық мәслихатының 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №47/231-V «2016-2018 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» аудандық қаржы және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Ашрапов хабарлама жасады. Бюджеттің кірісі мен шығысы 544,1 мың теңгеге ұлғайтылып, 2016 жылға арналған бюджет кірістерінің көлемі 11 659 460 мың теңгені құрады, оның ішінде: салықтық түсімдер – 1 206 136 мың теңге; салықтық емес түсімдер – 20 806 мың теңге; негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 23 000 мың теңге болды.  Ал трансферттер 10 409 518 мың теңге көлемінде бекітілсе, оның 2 229 792  мың теңгесі облыстық бюджеттен түсетін түсімдер, 8 179 726 мың теңге республикалық бюджеттің қаражаты болып табылады. Бюджеттің шығыс бөлігі - 11 695 138 мың теңге болып бекітілді, қарыздарды өтеу - 3 774 мың теңге және бюджет қаражатының пайдаланатын қалдықтарының сомасы - 39 452 мың теңгені құрады.

 Күн тәртібіндегі төртінші мәселе - «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет Грамотасымен марапаттауға ұсыну туралы» мәселе қаралып,  облыс алдындағы сіңірген еңбегі мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін аудан прокуроры Қ.Елшібаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров және аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Ахтаев ұсынылды.

  Күн тәртібіндегі бесінші мәселе - «Азаматтарды «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атағымен марапаттау аудан әкімінің ұсыныс хатына сәйкес 10 азаматты, атап айтқанда: Н.Өнербаевты, Ә.Тұрғымбековты, С.Құлмановты, Б.Өмірәлиевті, Г.Есенованы, О.Абдукаимовты, М.Кулиевті, Т.Көпбаевты, А.Бейсеевті, Ж.Рысбековты депуттаттар корпусы сессияда бекітілуі үшін қаулы қабылдады.

Күн тәртібіндегі алтыншы және жетінші мәселелер бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров хабарлама жасады.

Біріккен тұрақты комиссия осы жоғарыда аталып кеткен мәселелерді талқылап, тиісті қаулылар қабылдады.