27.01.2017

Аудандық мәслихат хатшысы Н.Х.Қойбағаров Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде және Зертас ауылдық округінде 2016 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Жоғарғы Ақсу ауылдық округі 

Ауыл әкімінің өткен жылы атқарылған жұмыстарының нәтижесін слайд арқылы тамашалаған жергілікті тұрғындар аудан әкімі Б.Парманов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаровтың да өткен жылы атқарған шаруаларымен және биылға жоспарлаған жұмыстарымен таныс болды.  Сарқырама ауылдық мәдениет үйінде тыңдаған жоғарыақсулықтар аудан басшысының бір жылдық жұмысына қанағаттанатындарын жеткізіп, жақсы баға берді. Жарыссөзге шығып сөз сөйлеген Сарқырама ауылының биі Бимахан Елеусізов пен Мәдени ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Дербісов ауылдық округ және аудан әкімі аппаратының қызметкерлеріне, елдің қамын жеген аудандық, облыстық мәслихаттың депутаттарына аудан халқының жағдайын жақсарту, туған жеріміздің келбетін көркейту жолында аянбай тер төгіп, елге абыройлы қызмет жасай беріңдер,--деген аталық баталарын берді. 

 Осы жиында  Өмірбек Құдияров Сарқырама ауылындағы балабақша орналасқан көшені асфальттау, ескірген 5—6 электр бағанасын ауыстыру жайын сөз етті. Сарқырама ауылының тұрғындары 1989 жылы ауыл көгілдір отынмен қамтылғанда Сайрам ауданының шекарасына жақын орналасқан 22 үйде түтін түтетіп отырған отбасы шекара сызығы нақтыланбағандықтан газ құрылысы жобасынан тыс қалып қойған екен. Содан бері қолдары күйе болып, тезек пен көмір жағып жүрген аналар мен жеңгейлердің мұңын сарқырамалық Бейбіт Төлтебаев көтерді. Ал Бегимов Берік деген жас жігіт жаз айларында орылған шөпті сату барысында жергілікті учаскелік полицейлер тарапынан кедергілерге тап болатынын айта келе, жас отбасыларға жер учаскесін бөлу мәселесін көтерді. 

           

Зертас ауылдық округі

Ауыл орталығындағы мәдениет үйінде өткен  аудан әкімінің жылдық есебінде зертастықтар ауыл әкімінің жиі  ауысатынына наразы екендерін жеткізді. Сонымен қатар, ауылдағы қордаланған мәселелерді Тұяқ Күздембаев, Орынбасар Бейсебаев, Таңсықбай Сарыбасов, Амангелді Аманбеков, Оңғар Әбдірайымов, Сатыбалды Омархан, Фатима Мұстафаевалар көтерді. Ауылдықтарды тұрғын үй салу мақсатында жер бөлу,  ауыр жүк көліктерінің өту себебінен асфальт жолдардың жарамсыздануы, мал азығының соның ішінде, кебек бағасының шарықтап кетуі, жол белгілерін орнату, ағын су, ауыз су, электр бағанасының апатты жағдайы, мектептердің алдына жол кедергісін орнату, аудандық спорт мектеп құрылысын жеделдету, бағдаршамның сапалы қызмет көрсетуін назарда ұстау, Шомшақты және Қ.Мамытов атындағы орта мектептер жанынан қосымша ғимарат салу қажеттігі мазалап жүр екен.

Әрбір көтерілген мәселе өз кезегімен жүзеге асатынын айтқан аудан әкімі Б.Парманов тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.