10.02.2017

10 ақпан күні Төлеби аудандық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиялық фракциясы мен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен мәжілісі өтті.

Төлеби аудандық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиялық фракциясы мен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен мәжілісіне 17 депутаттың 16 қатыстып, 1 депутат – Ж.Нышанов белгілі себептермен қатыса алмады.

Мәжілісті аудандық мәслихаттың хатшысы, №11 сайлау округінен сайланған депутат Н.Қойбағаров ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде:

1. Төлеби аудандық мәслихатының 2016 жылғы 23 желтоқсандағы №11/50-VІ «2017-2019 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

         2. Төлеби аудандық мәслихатының 2016 жылғы 04 наурыздағы №50/246-V «Төлеби ауданының Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

        3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  Жолдауы мен Конституцияға реформалар енгізу жайлы Үндеуін талқылау.

4. Төлеби аудандық мәслихатқа келіп түскен хаттарға шолу жасау.

Күн тәртібіндегі 1-мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Ашрапов хабарлама жасады.

Ауданға республикалық бюджеттен  келетін нысаналы трансферттер туралы мәлімдеп, қай салаларға бағытталғаны туралы, атап айтқанда, республикалық бюджеттен келген 264,4 млн теңгенің «Жұмыспен қамту 2020 жол картасының іс-шараларын іске асыру» бюджеттік бағдарламасына  72,8 млн теңге,  «Өрлеу жобасы бойынша келісілген қаржылай көмекті енгізу» бағдарламасы бойынша 136,0 млн теңге бөлінгенін және тағы басқа бағдарламаларға 55,6 млн теңге бөлініп отырғанын айтты. Осы қаржыларды мақұлдап, сессияның күн тәртібіне енгізуді сұранды.

Біріккен   тұрақты  комиссиялар  Қаулы  етеді:

         Күн тәртібіндегі 1-мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Ашраповтың хабарламасы назарға алынып, бекітілуі үшін аудандық мәслихаттың кезектен тыс он екінші сессиясына ұсынылсын.

Күн тәртібіндегі 2-мәселе  бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы  Н.Қойбағаров хабарлама жасады. Аудандық прокуратурадан келіп түскен наразылық хатпен таныстырып, ондағы мәселе ауданда құрылған Қоғамдық кеңес құрамындағы С.Ахтаевтың сыбайлас жемқорлық  құқық бұзушылық көріністеріне жол бергені анықталғаны және ол «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының баптарына сәйкес Кеңес мүшелігінен шығарылуға жататынын, ал Т.Қожабеков қайтыс болуына байланысты шығарылатынын тұрақты комиссия мүшелерінің назарына жеткізді.

Біріккен   тұрақты  комиссиялар  Қаулы  етеді:

         Күн тәртібіндегі 2-мәселе бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаровтың хабарламасы назарға алынып, бекітілуі үшін аудандық мәслихаттың кезектен тыс он екінші сессиясына ұсынылсын.

Күн тәртібіндегі 3-мәселе  бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы  Н.Қойбағаров Елбасының Қазақстан  халқына арнаған Жолдауы мен үндеуі туралы хабарлама жасап, өз ойларымен бөлісті.

Елбасының Жолдауы - «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын бұл құжат еліміздің экономикалық дамуы мен қатар бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын, сондай-ақ, Елбасы Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырғанын айтты.

Еліміз  Президенттік басқару жүйесіне өткенін, қиын кезеңдерде ондай форма керек болғанын, соның арқасында еліміз дағдарыстарды қиналмай еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті деді. Қазақстан ғаламдық маңызды мәселелерге  қадамды жасау үшін соңғы цифрлық технологиялардың озық заманауи жетістіктерін кеңінен қолдану қажеттігі жайлы Елбасының көтеріп отырған бастамасын қолдайтынын білдірді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Қ.Қансейітов, Елбасы өз үндеуінде билік тармақтары өкілеттіліктерін бөлу туралы толықтай айтып, конституциялық заңдарға өзгеріс ендіру жайы мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңартатын уақыттың келгенін,  бұл заман талабынан туындап отырған ақиқат дүние деп, мәжіліске қатысқандарға Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен үндеуін қолдауға шақырды.

Күн тәртібіндегі 4-мәселе  бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы  Н.Қойбағаров мәслихатқа келген екі хатпен таныстырды. Оның бірі-облыстық әділет департаментінен келіп түскен, еліміздің басты Заңы – Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасымен таныстыру және оны талқылау, екіншісі – аудандық прокуратурадан келген хат, онда аудандағы маңызды деп табылған объектілерге бейнекамералар орналастыру мен жергілікті полиция қызметін бейнежетондармен және бейнетіркеуіштермен қамтамасыз ету мәселелері.

Бұл мәселелер бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы құжатпен таныстырды. Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу мәселелері бойынша конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер жөніндегі заң жобасы жарияланғанын, ол заң жобасында Конституцияға Президенттің қандай өкілеттіктері үкімет пен парламентке берілмек екені көрсетілген. Жоба бойынша, алдымен Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беріледі.

Ұсынылған өзгерістерде Президенттің Премьер-Министрді парламент мәжілісінің мақұлдауымен тағайындап, орнынан алатыны, Үкімет құрамын Премьер ұсынып, ол мәжілістің мақұлдауымен жасақталатыны, тек сыртқы істер министрі мен қорғаныс министрін Президент тағайындап, орнынан алатыны айтылған.

Жобада Үкіметтің мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттарын, қорғаныс, қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді айқындап, іске асыратыны, Президенттің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітіп, олардың орындалуын қамтамасыз ететін айтылған. Үкіметке сонымен қатар Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқару органдарын қайта құру, жою, олардың басшыларын тағайындап, орнынан босату өкілеттілігі беру қарастырылған.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды. Талқылау 26 ақпанға дейін жалғаспақ, деп сөзін аяқтады.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Д.Айтбаев, аудандағы маңызды объектілерге бейнекамера орнату жайлы хат бойынша сөз қозғап, жергілікті полиция қызметіне қажетті бейнежетондармен және бейнетіркеуіштермен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаражат қарастыру үшін аудан әкіміне хат жазуды ұсынды. Ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.