15.03.2017

15 наурыз күні ҮІ-шақырылымдағы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен мәжілісі өтті.

Мәжілісті аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров жүргізіп отырды.

Біріккен мәжіліске аудандық мәслихатқа сайланған 17 депутат толығымен (оның ішінде аудандық мәслихат хатшысы), аудан әкімінің орынбасары Р.Бейсебаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаев, ауыл ақсақалдары, қала, ауылдық округ әкімдері, аудандық дербес бөлімдерінің басшылары, аудандағы бала бақшалар меңгерушілері, шағын орталық орналасқан мектеп директорлары, аудандық білім бөлімінің аппараты, сәулет және қала құрылысы бөлімінің аппараты, аудандық ТҮКШ бөлімінің аппараты, ауданды газбен қамтамасыз ететін мекемелер қызметкерлері, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Тұрақты комиссияның күн тәртібінде мына төмендегі мәселелер қаралды:

  1. Ленгер қаласы мен аудан аумағындағы елді мекендердің бас жоспарлары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің есебі.
  2. Аудан тұрғындарын газбен қамтамасыз етудің барысы туралы.
  3. «Төлеби ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасында» көзделген  мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу бағдарламасының орындалуы туралы аудандық білім бөлімі басшысының есебі.

 

Күн тәртібіндегі 1-мәселе бойынша аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Г.Зиятова баяндама жасады.

Баяндамасында аудан көлемінде салынған заңсыз ғимараттар мен қоршап алған алаңдар туралы, сондай-ақ олар жұмыс барысында тұрғындармен, кәсіпкерлермен талқыланғанын мәлімдеп, халыққа жеткізу барысында аудандық газет беттеріне де жарияланғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, ауданның 2017-2021 жылдарға арналған даму концепциясына тоқталып, алдағы жылдары көркейту, көгалдандыру жүргізіледі деп жоспарланған қоғамдық демалыс орындарын, ауылдық округтер арасындағы жолдарды абаттандыру жобаларын, сондай-ақ, скверлер, аллеялар, қоғамдық демалыс орындарын, саябақтар жасау үлгілерімен таныстырды.

Қазіргі уақытта 14 елді мекеннің оңтайландырылған бас жоспарлары әзірленіп жатқандығы жөнінде де жиналғандарды хабардар етіп, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарға тоқталып өтті.

 

Осы мәселе бойынша хабарлама жасау үшін келесі сөз  №13 сайлау округінен сайланған депутат, тұрақты комиссия мүшесі Ә.Әмірәлиевке берілді. Хабарламасында аудан көлемінде қанша елді мекенге бас жоспар жасалынғанын, облыстық бюджеттен бас жоспар жасалу үшін нендей критерийлер бар екендігі айтылды. Сондай-ақ, ауданда және Ленгер қаласы бойынша бос жатқан жерлер, қызыл сызыққа өтіп кеткен нысандар және заңсыз салынған құрылыстар туралы слайдпен көрсетіп әңгімеледі. Тау бөктерінде орналасқан «Нұрлы аймақ», «Жер ұйық» атты демалыс орындарына кезінде заң талаптары бұзыла отырып берілгендігін, олардың өзеннің бойынан қашық жерде орналасу керек екендігін және осы кемшіліктерді жойып, алдағы уақытта оларды болдырмау мақсатында жұмыс жүргізуді ұсынды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Р.Рысбаевтың хабарламасы тұрақты комиссия мүшелерінің көтеріп отырған мәселелері бойынша мардымды хабарлама жасай алмады.

Осы мәселе бойынша ауданда орналасқан «Қазтрансаймақ» мекемесінің басшысы М.Шәріпбайұлы мекеменің негізгі жұмыстарына тоқталып, қазіргі таңға халыққа қызмет көрсету мәселесін, газды тасымалдау, оны әрі қарай халыққа тиімді жеткізу екендігін айтып, газбен қамтылған және қамтылмаған елді мекендер туралы мәліметтерді назарға ұсынды.

Үшінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Мырзатаев хабарлама жасады. Хабарламасында аудандағы мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу мақсаты мен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы айтты. Сондай-ақ, жұмыстарындағы жетістіктерге тоқталып, кемшіліктерін де саралады.

Осы мәселе бойынша хабарлама жасау үшін келесі сөз  №10 сайлау округінен сайланған депутат, тұрақты комиссия мүшесі Е.Майлыбаевқа берілді. Хабарламасында аудандағы бала-бақшаларды зерделеу барысында кездескен кемшіліктерге тоқталып, мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбиелеу мен білім беру процесіне назар аударып, біздің болашағымыз ретінде оларға тиісті деңгейде тәлім-тәрбие беруді қолға алуды ұсынды. Тәрбиешілердің сапалық құрамын саралап, келесі оқу жылының басына дейін кемшіліктерді жою туралы хабарлама беріп, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтуды үрдіске айналдыру қажеттігі айтылды.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров мәжілісті қорытындылап, зерделенген мәселелер бойынша тоқталып өтті.

Мәжіліс барысында депутаттар тарапынан да, мәжіліске қатысушылардан да көкейінде жүрген сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.