06.09.2017

Төлеби аудандық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиялық фракциясы мен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен мәжілісі өтті.

       Біріккен мәжіліске аудандық мәслихатқа сайланған 17 депутаттың 15-і қатысып, (Ж.Нышанов пен Н.Құлышев белгілі себептермен қатыса алмады), аудан әкімінің орынбасарлары Ғ.Төлепов пен Р.Бейсебаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаев, ауыл ақсақалдары, қала, ауылдық округ әкімдері, аудандық дербес бөлімдерінің басшылары, аудандағы беру мекемелерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтары, аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі мен олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, ЖПҚ ювенальды полиция тобының қызметкерлері, аудандық ТҮКШ бөлімінің қызметкерлері, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС қызметкерлері, аудандық кәсіпкерлер бөлімі, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Мәжілісті аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров ашып, жүргізіп отырды.

Тұрақты комиссияның күн тәртібінде:

  1. Жергілікті полиция қызметінің ювенальды полиция тобы басшысының кәмелекетке толмағандармен атқарып жатқан жұмыстарының есебі туралы.
  2. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Төлеби аудандық тарату бөлімінің аудан тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы.
  3. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту барысындағы кәсіпкерлік бөлімінің есебі туралы.

Күн тәртібіндегі 1-мәселе бойынша аудандық мәслихаттың №1 сайлау округінен сайланған депутаты Р.Сайлауұлы хабарлама жасады. 

Онда Ювеналды полиция тобымен кәмелетке толмағандармен олардың құқықтарын қорғау жөніндебірқатар жұмыстар атқарылған, алайда кемшіліктер көп.  Атап айтқанда, алдын ала тиянақты  жоспарланған іс-шаралар жоқ, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мәліметтер, статистикалық көрсеткіштер әртүрлі. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы менбілім бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстармен сәйкестік жоқ екендігін баса айтып, мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізу мақсатында тиісті құрылымдардан деректер сұратқанымызда көрсеткіштер әртүрлі болып шыққандығы туралы әңгімеледі.

Мәселен: жалпы полицияның мәліметінде қазіргі таңда ауданда 12 жайсыз отбасы бар деп көрсетілсе, ИДН-нің мәліметінде  кәмелетке толмаған 49 баланың аты-жөні бар 25 отбасы тіркелген, ал аудандық білім бөлімі 40 жайсыз отбасы, ал есепте тұрған кәмелетке толмағандардың саны мәлімет бойынша 32 болса, ал тізім бойынша 22 баланың аты-жөні жазылғандығын жұрттың назарына жеткізді. Сондай-ақ, ауданда кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі  жұмыстармен айналысатын құрылымдар ( білім бөлімі мен құқық қорғау органдары) арасында байланыстың әлсіздігін, білім бөлімі жайсыз отбасылардың балаларын мектепке орналастыруды назардан тыс қалдырғандығын және құжатсыз жүрген мектеп жасындағы жасөспірімдердің бар екенін өкінішпен айтты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ә.Бақашбаев кәмелетке толмағандармен атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді. Есебінде кәмелетке толмағандармен жұмыс атқаратын полиция инспекторларының құрамы, жұмысы туралы мәлімет беріп, былтырғы жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, яғни қылмыстың өршу  тұсына да тоқталып, қандай қылмыстар, қай жерлерде орын алғандығы туралы баяндады.

Мәжіліс барысында сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Осы мәселе бойынша тиісті қаулы қабылданды, онда негізінен бұл бағытта жергілікті полиция қызметі ювенальдық полиция тобының атқарып жатқан жұмыстары талап деңгейінде еместігі, жергілікті полиция қызметінің бастығы А.Аитовтың аталған бағыттағы жұмыстарды өз деңгейінде үйлестіре алмай отырғандығы атап көрсетілді.Сондай-ақ, ювеналдық полиция тобының жұмысын тікелей өз назарына қадағалауға алып, бөлімнің жұмысын жандандыруға пәрменді шаралар қолдану; жасөспірімдердің қылмыстық, бұзақылық жалпы құқық бұзушылыққа жол бермеудің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын кеңінен өрістету,білім беру ұйымдарымен, ата-аналармен тығыз байланыса отырып, жайсыз отбасылар мен тіркеуге алынған кәмелетке толмаған балалармен жұмыс жүргізу, олардың есебін қайта жүргізіп, бұл саладағы көрсеткіштердің бірдей болуын қамтамасыз ету мәселелері және т.б. мәселелер қамтылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Төлеби ауданындағы филиал директоры Е.Қаратаев хабарлама жасады.

Онда аудандағы бағаналардың, электр құрылғылардың және басқа да техникаларының жағдайы туралы, олардың жаңарту әдістеру мен алдағы уақытқа, яғни 2018-2022 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасына енген нысандар туралы сөз қозғады.

Мәжіліс барысында депутаттар мен жиналған аудан тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылып, олар бойынша мардымды жауаптар алды.

Тұрақты комиссия күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қаулы қабылдап, онда :

  • электр жарығын үнемді әрі тиімді пайдалану мақсатында алдымен  тұрғын үй құрылысы түсетін  жерлердің инженерлік коммуникациялық (жол, жарық, газ, ауыз су т.б) желілерін шешу;

- жобалық құрылыс құжаттары (бас жоспар)  әзірленген және әзірленіп жатқан елді мекендерде электр бағаналарын орнатуда «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы»   Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 Заңының  талаптарын қатаң сақтау, қызыл сызыққа еніп кеткен бағаналарды ретке келтіру;

-  пайдаланудағы электр қондырғылары мен электр желілеріне түгендеу жұмыстарын жүргізіп, оларды коммуналдық меншіктің теңгеріміне алу ұсынылды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы М.Өсербаев аудандағы кәсіпкерлікті дамыту, аудан кәсіпкерлеріне  тиімді жағдай жасау, оқулар ұйымдастыру және т.б. мәселелер бойынша хабарлама жасап, бөлімнің есебін берді.