16.10.2017

«Туған жер – алтын бесігім» атты облыстық өнер фестивалін төлебиліктер жалғастырды.

Өткен сенбіде облыстық әкімшілік-іскерлік орталықта өткен «Туған жер – алтын бесігім» атты облыстық өнер фестивалін төлебиліктер жалғастырды.

Қазан айының ортасы болса да, ауа райы көктемнің жаймашуақ күніндей жылы болды. Фестивальды тамашалауға келген шымкенттіктер нағыз дүбірлі той думанның куәгері болды десек, артық айтқандық болмас. Орталық алаңында 4 киіз үй тігіліп, онда ұлттық тағамдардан мерекелік дастархан жайылды. Бұдан бөлек, төлебиліктер келушілерге дәмі тіл үйірер Диханкөл қымызын тегін таратып, «Сірге мөлдіретер» дәстүрі мен  «Марқа көтеру» балуандар және мергендер сайысын ұсынды. Іс-шара барысында ұлттық-мәдени орталықтарының ас мәзірінен көрме, Алтыбақан тепкен жеткіншектер мен сақина салу ойынын көрсеткен жастар мейрамның сәнін келтірді.

Төлебиліктер ұйымдастырған фестивальді тамашалауға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Республикасы Парламентінің және облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық мекемелердің басшылары, Шымкент қаласы мен аудан тұрғындары көптеп қатысты.

       Облыс әкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы: «Бұл ауқымды шара аудан-қалалардың мәдениеті мен руханиятының көрінісінен бөлек, әлеуметтік-экономикалық өркендеуін де айғақтап отыр. Бұл облыстық іс-шара Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағытымен тікелей үндесіп келе жатыр. «Көктемнің бір күні жылға азық» дегенді ұран еткен шаруаның ерте көктемнен тыным таппай атқарған енбегінің рахатын көретін кезі – осы қоңыр күз. Төлебидің ауыл шаруашылық саласының қызметкерлері жылды жақсы қорытындылады. Бұған дәлел – бүгінгі жәрменкедегі санына сапасы сай азық-түліктің барлық түрі, оған деген халықтың қызығушылығы мен сұранысын көріп отырмыз. Сондықтан, аграрлық сектордағы жетістіктеріміз барша облыс еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп бағалаймыз.

       «Қолда барды ұқсата білетін еңбексүйгіштік адамдардың еңбегі жемісті болып, өнім көлемі ұлғая берсін! Бекем бірлігіміз бен ынтымағымыздың іргесі сөгілмесін! Баршаңыздың отбасыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектріңізге табыс тілеймін» деп ізгі тілегін жеткізіп, әкім Бұхарбай Рысқұлұлы Парманов абыройын аспандатып отырған аудандағы оңды істердің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді.

      Фестиваль аясында өткізілген ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын күз – 2017»  атты мерекелік іс-шарасында жаз бойы бел жазбай еңбек етіп, ризық-несібесін Жер-Анадан теріп жүрген диқандар еңбегі елеусіз қалмады.

Өнер мерекесінде Төлебиден шыққан эстрада жұлдыздары Нұрлан Өнербаев, Гүлнар сиқымбаева жерлестерін мерекемен құттықтап, ән шашуларын ұсынды.