29.11.2017

Елбасымыз – тірегіміз

Бүгінде дамудың өркениетті жолына түскен халқымыз ел өміріндегі барлық жақсылықты, әр саладағы сәтті қадамдары Елбасы есімімен тікелей байланысты.

1 желтоқсан – Қазақстанның тәуелсіздік алуына, ел еңсесінің көтерілуіне, халық арманының орындалуы мен мемлекетіміздің қарқынды дамуына іргетас болып қаланған күні. Еліміздің тарихи таңдау жасап, тағдырлы шешім қабылдаған Қазақстан Республикасы Президентін алғаш рет сайлаған күні.

Осыған орай Төлеби аудандық мәслихат депутаты «Нұр Отан» партиясының фракция мүшесі Мадина Ермағанбетованың бастамасымен, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық аурухана ұжымының атсалысуымен «Елбасымыз – тірегіміз» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Осы айтулы мерекеге орай Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында «Балаларға бақыт сыйлайық» атты қайырымдылық шарасы өтті.

Қайырымдылық және жақсылық атаулы – жомарттыққа тән қасиет. Жомарттық – жоғары адамдық қасиет.

«Сыйлап берген су да тəтті» деп пейілдің адалдығы мен көңілдің тазалығына баса мəн берген халқымыз қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесуді, үлес қосуды адамның азаматтық парызы деп білген.

Баланың күлкісі бәрінен қымбат. Мерекелік көңіл күй сыйлаған шарада балалар да өздерінің өнерлерін жан-жақты көрсетті, Елбасымызды әнге қосып, би биледі. Облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты №7 Тасарық арнаулы балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің өнерпаздары жиналған көпшілікті түрлі өнерлерімен тәнті етті.

Аудан әкімі Бұхарбай Рысқұлұлы, аудандық мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров және мекеме басшылары қонақтарды мерекемен құттықтап, өнерімен көптен ерекшеленген балаларға сыйлықтар ұсынды.