Айдарбекова Кулия Смайлханқызы

Айдарбекова Кулия Смайлханқызы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Аққұм ауылында 1960 жылы 15 қазанда дүниеге келген.

Ұлты – қазақ. Жоғары білімді. 1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын 1982 жылы «Фосфор үшін» газетінің тілшісі қызметінен бастаған. 1984 жылы Ленгір аудандық «Ильич жолы», «Путь Ильича» газеттерінің бөлім бастығы болды. Мұнан кейінгі кездерде аудан әкімі аппаратының инспекторы, тіл бөлімінің меңгерушісі, аудандық ақпарат және мәдениет бөлімінің бас маманы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі болды.

Журналист ретінде жеке өзі көркем шығармашылыққа да ден қойып «Аманат», «Анаға тағзым» атты кітаптар жазды. «Аманат» кітабында Төлеби ауданының азаматы, тұңғыш кәсіпқой гобелеші Құрасбек Тыныбеков туралы жан-жақты зерттеу тұрғысында көркем де танымдық дүние ұсына білді. Ал, «Анаға тағзым» кітабы Ана деген құдіретке табыну, құрметтеу тұрғысында өзгеше стильдегі әдемі әңгімелер жинағы болып шыққан.

К.Айдарбекова – ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өз ісін жетік меңгерген, тәжірбиелі басшы. Өз әріптестері арасында және жалпы азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық, кішіпейілділік қасиеттерімен ерекшеленеді.

Ол ҚР Президенті Н.Назарбаевтың алғыс хатымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің дипломдарымен, 2006 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған.