ҚР мемлекеттік рәміздері

Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады. 


      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2.

    Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

    Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.

    Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді.

     Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасында күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.

     Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.

     Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. 




     Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу - алтын түстес.

     Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты.

     Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.

     Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық.

     Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.

     Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні - Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды. 
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев 
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов


Алтын күн аспаны, 
Алтын дән даласы, 
Ерліктің дастаны, 
Еліме қарашы! 
Ежелден ер деген, 
Даңқымыз шықты ғой. 
Намысын бермеген, 
Қазағым мықты ғой! 

Қайырмасы: 

Менің елім, менің елім, 
Гүлің болып егілемін, 
Жырың болып төгілемін, елім! 
Туған жерім менің - Қазақстаным! 


Ұрпаққа жол ашқан, 
Кең байтақ жерім бар. 
Бірлігі жарасқан, 
Тәуелсіз елім бар. 
Қарсы алған уақытты, 
Мәңгілік досындай, 
Біздің ел бақытты, 
Біздің ел осындай! 

Қайырмасы: 

Менің елім, менің елім, 
Гүлің болып егілемін, 
Жырың болып төгілемін, елім! 
Туған жерім менің - Қазақстаным!