15.12.2017

Тұғырлы бол-Тәуелсіздік!

Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі ауылдық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тұғырлы бол-Тәуелсіздік!» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік кеште аудан әкімі Бұхарбай Рысқұлұлы мен мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы төлебиліктерді еліміздің ең басты мерекесімен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін еңбек озаттарын марапаттады.

 «Жебе» халықтық драма ұжымының Әділбек Бекбосынұлының «Төле бидің төрелігі» спектаклімен басталған мерекелік шарада, алдымен аудан әкімі ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» 4 азаматты, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Алғыс хатымен» 2 азаматты, ОҚО әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен 6 азаматты, облыс әкімінің Грамотасымен 8 азаматты және облыс әкімінің Алғыс хатымен 3 азаматты құттықтап, марапаттарын табыс етті.

Салтанатты жиында аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы Төлеби ауданына сіңірген еңбегі және қоғам өмірінің тиісті салаларындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін 10 азаматқа «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атағын және құрмет грамотасын  берді.

Тәуелсіздік мерекесіне орай іс-шарада «Жылдың үздігі» номинацияларымен 33 адам марапатталды.  

Олардың бірқатарын айтып өтсек, «Үздік мекеме» номинациясын – «Төлеби су шаруашылығы» мемлекеттік комуналдық кәсіпорны, «Үздік өнеркәсіп кәріпорны» номинациясын – «Аққұм Астық» ЖШС-і, «Үздік мектеп директоры» номинациясын – Назира Байжанқызы Тезекова, «Үздік ауылшаруашылық қызметкері» номинациясын – Сабыржан Сарыбайұлы Танабаев, «Үздік кәсіпкер» номинациясын – Жазира Садықова иеленді.

Мерекелік шара аудандық «Ақбота-2017», облыстық, республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқаулары жүлдегерлерінің орындауымен Қазақстан композиторларының дәстүрлі әндері мен термелерден құралған  попурриімен басталды.  Кеш қазақ биі, неміс полькасы, өзбек әні, түрік биі, беларус халық әндерінен сазды-хореографиялық композицияға ұласып, әуенді топ және концертке қатысушылардың «Қазақ елім – мәңгілік ел» әнімен қорытындыланды.