11.02.2019

МАҚСАТ – АЙҚЫН, МҮДДЕ – ОРТАҚ

 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25 бабына сәйкес, халық қалаулыларының депутаттық міндеттерін жүзеге асыруына ұйытқы болып, оларға ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсетіп отыру мәслихат аппаратына жүктелген.

Сессия құжаттарын әзірлеуден басқа, олардың қызметтік міндеттеріне депутаттарға және сессияға шақырылатын лауазымды тұлғаларға жеке-жеке хабарлама жіберу, сессияда қабылданған шешімдердің заңдылығын бірнеше сатылық сараптамадан өткізу, әділет органдарында тіркету, баспасөз бетінде жариялату, шешімдерді орындаушыларға жөнелту, орындалуына бақылау ұйымдастыру, жинақ папкілерін жүргізу, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарымен ақпараттар алмасу, тұрақты комиссиялардың жұмысын үйлестіру, отырыстарын өткізуді ұйымдастыру, отырыста қаралатын мәселені зерделеу мақсатында депутаттық жұмыс тобының құрамында іс-сапарларға шығып, нәтижесі бойынша анықтама дайындау, оны комиссия отырысына ұсыну, депутаттардың сайлаушылармен кездесуін ұйымдастыру, оларды қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз ету, сонымен бірге, түрлі өкімдер мен хаттар дайындау, Грамота әзірлеу сияқты ағымдағы жұмыстарды атқару жатады.

Сондай-ақ, соңғы кездерде жиі қабылданып жатқан заңнамалық өзгерістердің әсерінен атқарушы органдар тарапынан сессияға бекітуге ұсынылатын жаңартылған құжаттардың саны көбейіп отырғанын айтып кетуге тиіспін. Осыншама құжатты сессияның күн тәртібіне енгізерден бұрын алдын ала мұқият танысып, жинақтап, заңдылығын тексеріп, шешімнің жобасын бірнеше сатылы сараптамадан өткізіп шығу, оны сессияда қабылдаған соң Әділет басқармасында тіркетіп, баспасөзде жариялату жұмыстары да аппарат жұмысының ажырамас бөлігі.

Бүгінгі еліміздің жан-жақты өркендеуі мен оның беделінің артуында, ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуы, әкімшілік-аумақтардағы әлеуметтік бағдарламалар мен аумақтық даму жоспарларының тиімді жүзеге асырылуында   мәслихаттың маңызы зор.

Ауданымыздың қоғамдық өмірінің барлық салаларын, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті, жол және көлік қатынастарын жетілдіру сияқты маңызды мәселелерді оңтайлы шешу және жергілікті бюджетті ұтымды пайдалануды қадағалау мен оған қоғамдық бақылау жасау міндеттері абыроймен атқарылуда.  

Мәслихат депутатының қызметі – сайлаушылармен тығыз қарым-қатынаста болып, оларды өздерінің атқаратын қызметімен таныстырып, түрлі жобалардың іске асуы, соған сәйкес аймақтарды дамытудың экономикалық, әлеуметтік жобаларының орындалуы жайлы хабардар етіп, мәслихат шешімдерінің орындалуын ұйымдастыруға және оларды бақылауға, қоғамның пікірін, мұқтаждықтарын және өтініш – сұрауларын зерделеп, тиісті билік органдарына, мемлекеттік мекемелерге ұсыныстар енгізеді, олардың іске асырылуын қадағалайды.  

 Қазақстан Респубикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыт-бағдары»; «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»; «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауларында көрсетілгендей, 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мәселесін негізге ала отырып, Жолдаулардағы негізгі бағыттарды – инновациялық дамуға жағдай жасау, білімнің маңыздылығын жоғарылату,  өндірісті дамыту, индустриалды-инновациялық даму, қазақ тілінің мәртебесін көтеру және тілдердің үштұғырлылығын дамыту, біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың негізі ретінде жаңа қазақстандық патриотизм дамытуға баса назар аударуда.

Бүгін таңда   мәслихаттың алдында тұрған негізгі мақсат- Елбасының   Жолдаулары мен мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда көзделген бағыттарды іске асыру, яғни инновациялық-индустриялық экономикаға, біртұтас және топтасқан ұлт ретіндегі халқымыздың жаңа өмір сапасына,  еліміздің беделінің жаңа шыңдарға көтерілуіне, бірлік пен тынымсыз еңбекті, жасампаздық пен жаңашылдықты әрі жауапкершілікті ұстана отырып, табысқа жететін интеллектуалды қоғамды қалыптастыру.

Соңғы екі-үш жылдың көлемінде ауданда көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Тізбелеп айтар болсам 21 әлеуметтік нысан іске қосылса, көпқабатты он екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Елді мекендерге ауыз су, газ құбырлары, электр бағаналары тартылып, электр қуатын күшейткіш қондырғылары (трансформатор) қойылуда. Жалпы құны 1.227 млн тенгеге ұзындығы 149.1 шақырым болатын ауылдардың ішкі жолдары, 175.826 мың тенгеге 14.2 шақырым аудандық маңызы бар және ұзындығы 86.9 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдар жөнделіді, көшелер абаттандырылуда.  

Міне, осындай оңды істердің бәрінде өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан мәслихат депутаттары корпусының – қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, аудан тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарда сүбелі еңбектерін атап өткен жөн.

Сессияларда аудан және ауылдық округ бюджеттерінің қалыптасуы, атқарылуы, ауданымыздың саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуы, тиісті салалық бағдарламалардың және мәслихат шешімдерінің орындалуы туралы мәселелер қаралды. Мәслихат сессиясында қабылданған шешімдердің орындалуы мәслихат пен тұрақты комиссиялардың ұдайы назарында.

Атап айтқанда, 2016-2018 жылдар аралығында мәслихаттың сессиялары мен тұрақты комиссияларында «Жергілікті полицияның қылмысты болдырмау, алдын алу және онымен күрес жүгізудегі атқарып жатқан жұмыстары туралы»; «Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің барысы жайлы»; «Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту, қалалар мен елді мекендерді көркейту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы»; «Ауданда суармалы суды тиімді пайдалану және гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайы туралы»;   «Ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтерудің экономикалық негізін қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар туралы»; «Ауданда білім туралы заңның орындалу барысы, яғни мектептердің және мектепке дейінгі, сондай-ақ мектептен тыс мекемелердің жұмысы, материалдық-техникалық базасының жағдайы және оларды жаңа технологияларға сәйкес жетілдіру туралы»; «Емдеу мекемелерінің тұрғындарға дәрілік заттармен (препараттармен) қызмет көрсету   жағдайы туралы» сияқты тағы басқа да көптеген өзекті  мәселелер қаралып талқыланды.

Жалпы, аудандық мәслихаттың күнделікті тіршілігінде атқарылып жатқан шаруаларды тізбектеп шығу мүмкін емес. Қаңтар айының 12 жұлдызында басталған депутаттардың, ауыл әкімдерінің сайлаушылар мен халық алдында беріп жатқан есебінде аудан тұрғындары тарапынан атқарылған істерге оң баға беріліп жатыр. Бүгінгі таңда мәслихаттың аудан аумағында атқарылып жатқан қабырғалы жұмыстардың басынан табылуы өкілетті биліктің іскерлігі және атқарушы билікпен тығыз байланыса отырып, атқырылып жатқан нәтижелі жұмыстардың арқасы деп білемін.

Аудандық мәслихат жұмыс жүйесін жетілдіру арқылы алға қойған міндеттерін ойдағыдай орындап, қабылданатын шешімдерді әрқашан да өзекті және нақты мақсаттарға жетуге бағыттай беретін болады. Депутаттармен бірлесе отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және рухани өсу жолындағы бағдарламаларды жүзеге асыруға және бұл мақсатта қаржының дұрыс бөлінуіне, әр жұмыстың уақытында орындалуын қадағалауға жауапкершілікпен қарап келеді.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Дана халқымыз бұны тегіннен тегін айтпаса керек. Ауыз бірлік пен түсіністік, сыйластық үстемдік құрған жерге қашан да нәтижелі істің үйір болатыны белгілі. Ауданның ұзақ мерзімді стратегиялық даму бағдарламаларында халық тұрмысының сапасын жақсарту, азаматтық қоғам құру, ұлтаралық келісім орнату, білім беру саласын дамыту, халықтың денсаулығын нығайту секілді әлеуметтік мәселелерді шешуге айрықша мән берілуде.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде (фейсбук) блогерлер  қаладағы ауыз су, оның сапасы халықтың өкілді органы – мәслихат пен депутаттар тарапынан қадағаланбайды деген сыңайда ара-кідік сыни пікірлер айтылып қалуда.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді халық даналығы.  Сын арқылы ойдың қабілетін жетілдіріп, айналадағы қоғамдағы кемшілік – қателіктерді көруге болады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін халықтың көзқарасы, қарапайым жұртшылықтың пікірі ескерілгендігі дұрыс, өйткені мәслихат халық үшін қызмет жасайды. Сондықтан ең бастысы,  таңдау білдірген халықтың сынына құлақ түру.

  Қала халқын  ауыз сумен қамтамасыз етудің жай-күйін үлкен жиындар мен алқалы бас қосу мінбелерінен депутат Ә. Әміралиев қайта-қайта қозғау салып, мәселені сессия деңгейінде талқылауға дейін көтерді. Депутаттық топ құрылды, ауыз су мәселесі егжей-тегжей зерделеніп, жіберілген талай өрескел кемшіліктердің беті анықталды. Үш рет тұрақты комиссияда, екі рет сессияда талқыланып, ауыз су сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылданды сондай-ақ   құқық қорғау органдарының алдына кемшіліктерге жол берген тиісті мердігер мекеменің жаупты мамандары мен атқарушы биліктің лауазымды тұлғаларының құқықтық-қылмыстық жаупкершілік тәртібін қарау мәселесі қойылды. Су таратушы «Леңгер су» мекемесіне «Көктерек» су көзінен алынатын судың сапасын жақсарту бағытындағы тиісті жұмыстарды атқару үшін 2016 жылы 3 шақырым құбыр тартуға аудандық бюджеттен 26.0 млн тенге қаржы бөлінді. 2017 жылы қосымша тағы 49 млн бөлініп, судың сапасын тазарту жөнінде жұмыстар атқарылды. Келешекте қала халқы таза, сапалы ауыз су ішу үшін биыл су көзінің басына су тазарту қондырғыларын орнату мақсатында ғимараттың жобалық сметалық құжаттамасын жасатуға аудандық бюдеттен 3.0 млн тенге қарастырылды.

Сонымен қатар, №1 Қаратөбе сайлау округінен сайланған депутат Раджу Сайлауұлының да ұйытқы болуымен Қаратөбе, Тасарық және Көксәйек ауылдық округтері аумағында орналасқан 9 елді-мекеннің тұрғындарын  ауыз сумен қамту үшін «Балдыберек» су көзіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындарымен ақылдаса отырып атқарылған жұмыстардың арқасында су көзі қоршалды, қосымша екі шақырым құбыр тартылды. Есептеу көрсеткендей аталған жұмыстарға сметалық жоба жасалынып, екі траншпен жергілікті бюджеттен  40.7 млн тенге қаржы бөлініп, қазіргі таңда тиісті аумақ халқының игілігіне пайдалануға берілді. Нысанбек, Алғабас, Абай, Алшалы, Ұзынарық және Екпінді ауылдарының ауыз су жүйелеріне де 132.5 млн тенгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Стратегиялық маңызы бар мұндай әлеуметтік нысандардың жұмысы әрқашан мәслихаттың назарында әрі келешекте де депутаттардың тұрақты бақылауында қала береді.

 

Мәслихат аппаратының басшысы                              А. Абдрахманов