17.04.2019

Аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымдағы кезектен тыс отыз тоғызыншы сессиясы өтті.

  Бүгін алтыншы шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс  отыз тоғызыншы сессиясы өтті. Оны №12 сайлау округінен сайланған депутат сессия төрағасы С.Құлманов ашып, жүргізіп отырды. Сессия отырысына аудан әкімі Б.Омарбеков,  аудан әкімінің орынбасарлары, Қоғамдық ұйымдардың төрағалары, қала, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігі дербес бөлімдерінің басшылары, мекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

  Кезектен тыс сессияда аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №34/189-VI «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

  - ауданның ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға 2019 жылы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит беру туралы;

  - аудандық Қоғамдық кеңестің құрамы мен Қоғамдық кеңесінің ережесін бекіту туралы мәселелері қаралды.

  Сессияда аудан бюджетінің кірісі мен шығысы 178 315 теңгеге ұлғайып, бюджеттің жалпы кірісі 16 723 364 теңге және шығысы 16 733 403 теңге болып нақтыланды.

  Екінші мәселеде дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес, қаладан ауылға келген мамандар үшін көтерме жәрдемақы 70 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), тұрғын үй-жайлар (ипотека) сатып алуға 1500 АЕК болып бекітілді.

  Сессия соңында аудан әкімі мен мәслихат хатшысы, ұзақ жылдар бойы қоғамның игілігі үшін қызмет етіп, ауданның дамуына қосқан еңбегі үшін Қоғамдық кеңестің  бұрынғы төрағасы К.Жолымбекке алғыс білдірді.