05.04.2016

Мәслихат хатшысының Қаратөбе ауылдық округінде халықпен кездесуі

 Аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Қойбағаров  05 сәуір күні   Қаратөбе ауылдық округінде  халықпен кездесу өткізді.

           Жиынға осы округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты      Р. Сайлауұлы,  мәслихат аппартының басшысы А. Абдрахманов, ауыл округі әкімі аппаратының қызметкерлері  сонымен қатар ауылдық ардагерлер ұйымының төрағалары, (ауыл ақсақалдары),  жергілікті қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, жергілікті полиция өкілдері, мектеп басшылары мен ФАП меңгерушілері және Қаратөбе ауылдық округінің халқы қатытсы.

          Халықпен басқосу мәжілісін ауыл әкімі Ж.Жолдасбеков ашып, жүргізіп отырды.

          Мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров жиналғандарға халықтың сеніміне ие болған, яғни өздеріңіз сайлаған жаңа құрамдағы   мәслихат депутаттарының  атынан бір ауыздан өзін хатшылық лауазымына ұсынып, аудандық мәслихаттың хатшысы етіп сайланғандығына алғысын білдірді және осы қызметтің жауапкершілігін жете сезіне отырып әрі сайлаушылар мен әріптестерінің сенімінен шығу мақсатында елді мекендерді аралап, шешімін таппай жатқан мәселелермен жете танысу үшін тиісті округ халқы сайлаған депутатпен халықтың, сайлаушылардың мұң-мұқтажын тыңдап олардың шешілуіне ықпал ету тұрғысында халықпен кездесуге келіп отырғандығын айтты.

           Жаңа шақырылымдағы мәслихат пен оның құрылымдарының, сайланған депутаттардың құзыры мен міндеттері, өкілеттіктері және алдағы уақыттарда атқарылатын іс-шаралардың жоспарлары туралы сөз қозғады.  

         Одан әрі аудандық мәслихат хатшысы Н.Қойбағаровтың Қаратөбе ауылдық округін әкімінің жұмысымен танысу және халықпен   кездесуі сұрақ жауап түрінде жалғасты.

       Ауданның құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз К. Елікбаев - аудан көлемінде әлеуметтік мәні зор үлкен тірліктер атқарылып жатқандығын ризашылықпен атап өтіп, Қаратөбе ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда бірқатар мамандар штатының қысқартылып кетуіне байланысты науқастардың аудандық емханаға барып, ем қабылдауға мәжбүр болып жатқанын айтты. Егер мүмкін болса тіс дәрігері, гинеколог, физиотерапевт сынды мамандар штатымен дәрігерлік мекеменің бастапқы қалыпта жұмыс істеуіне  сонымен қатар Оңтүстік - Төңкеріс елді мекендерінің аралығындағы облыстық маңызы бар жолды күрделі жөндеуден өткізуге, Жамбыл елді мекеніндегі көпірді көтеріп қайта салуға, округ аумағындағы елді мекендерге табиғи газдың келуіне ықпал жасасаңыздар деген ұсыныс айтты.

        Ауыл округі бойынша ардагерлер ұйымының төрағасы  Ә. Оразов  - Қостөбе ауылындағы дәрігерлік пунктің тыс ескі екенін, округтің әкімшілік орталығынан шалғайда жатқандықтан алдағы уақыттарда ауылға медпункттің ғимараты салынса  деген өтініш білдірді.

         Төңкеріс ауылының тұрғыны М. Сахов – құрылысы жақында біткен ауыз су құбыры жүйесінің су тазартқыш қондырғысы істен шығу салдарынан халықтың лайқа су ішіп отырғанын айтып, сол қондырғының қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етуді сұранды. Басылымдар мен газеттерді уақытылы жеткізе алмай отырған пошта мекемесінің жұмысын сынға алды .   

          Қорытынды сөз алған мәслихаттың хатшысы алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтіп, жиналысқа қатысқан азаматтарға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар кездесуде айтылған ұсыныстар бойынша іс-шаралар жасалынып, орындалуы тұрақты бақылауда болатынын айтты.

 

                 Ескерту:   Мәслихат хатшысының ауылдық округ әкімдері мен қала әкімінің жұмыстарымен танысу және халықпен кездесулері кестеге сәйкес сәуір айының 5-і мен 24 аралығында өтеді.