04.06.2021

Бүгін аудандық мәслихаттың мемлекеттік заңдылық, азаматтардың еркі мен құқығын қорғау, депутаттық өкілеттілік және депутаттың этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісі өтті.

 

Тұрақты комиссияның күн тәртібінде көп қабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының барысы мен оның сапасы жайлы құрылыс бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы мәселе талқыланып, мердігер мекемелердің тарапынан құрылыс жұмыстарында жіберілген кемшіліктері атап өтілді.

Қазіргі таңда, Леңгір қаласы І мөлтек ауданындағы 9 дана 20 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйлердің құрылысына 2021 жылға облыстық бюджеттен 206 465,0 мың теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын аяқтау шілде айына жоспарланып отыр. Алайда зерделеу жұмыстарының барысында құрылыс-монтаж жұмыстары осы қарқынмен жүргізілетін болса, нысандардың белгіленген мерзімінен кешіктірілетіндігі және көптеген өрескел кемшіліктердің орын алып отырғандығы белгілі болды.

Атап айтқанда: №13,14,15 тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «АША-А» ЖШС-гі тарапынан монолитті бағандар, өзектер, арқалықтар және сейсмикалық белдеулер жұмыстары құрылыс ережелеріне сәйкес келмейді. Кірпіш қалану әдістері дұрыс емес, арасында байланыстар жоқ, кейбір жерлерде мүлдем монолитті бетондар құйылмаған. Жұмысшылар техникалық қауiпсiздiк ережелерін сақтамайды, арнайы киімдері жоқ. Атқарылатын жұмыстар белгіленген кестеге сай емес, кідірістер бар. Ғимараттардың іргетасы (фундамент) құрылыс нормалары мен ережелері талаптарына сай құйылмаған.

№19,20,21 тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Жоғарғы Санат Құрылыс» ЖШС-гі тарапынан құрылыс алаңы санитарлық норма талаптарына сай емес, баспалдақтар мен балкондарда қоршаулар жоқ. Бұл нысандарда да ғимараттардың іргетасы (фундамент) құрылыс нормалары мен ережелер талаптарына сай құйылмаған т.б. Техникалық бақылау мамандарының (технадзор) жұмыстары талап деңгейінде емес, тапсырыс беруші мекеме - аудандық әкімдіктің құрылыс бөлімі қадағалау жұмыстарын назардан тыс қалдырған.

Тұрақты комиссия жіберген кемшіліктерге тиісті шара көру, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына жете мән беріп, нысандардың өндірістік-жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуі мен белгіленген мерзімде пайдалануға берілуіне құрылыс бөліміне талаптар қойып, орындау жайлы қаулы қабылдады.