26.01.2022

ЗЕРТАСТА ЕКІ БІРДЕЙ СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев пен Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы Н.Қойбағаров Зертас ауылдық округі Жаңакүш елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, ауыл халқының бүгінгі жай-күйімен танысты.

Кездесу барысында тұрғындар интернеттің жоқтығынан байланысқа шыға алмай отырғанын, жол, орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілмегенін жеткізді.

Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы сөзінде Жаңакүш елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленгенін, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғанын, құрылысын жүргізу үшін қаржыландыруға ұсынылғанын айтты. Бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда елді мекен биылғы жылы ауыз суға қосылады. Ал, интернет желісі бойынша тиісті сала басшыларымен келісім-шарт жүргізгенін, алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.

Сондай-ақ, Зертас елді мекені Р.Нұрмаханбетов көшесінде ауыл халқының жинаған қаржысына тұрғызылған аумағы 360 шаршы метрді құрайтын спорт зал құрылысымен танысты. Спорт залдың құрылысына жеке кәсіпкер М.Төлтебаев демеушілік көмек көрсетті. Ауыл тұрғындары осы істі аяғына дейін жеткізуде аудан басшысынан көмек сұрады.

Ал, Спатай Аңдас көшесінде жеке кәсіпкер Б.Аманбаев өз қаражатына заман талабына сай спорт кешенін тұрғызды. Жалпы, құны 55 млн теңгені құрайтын кешеннің бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған спорт кешені күрес және бокс секцияларына арналған залмен қамтылмақ.

Төлеген Тұртайұлы бұқаралық спортты дамытуды қолға алған, салауатты өмір салтын насихаттайтын жанашыр кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, осы спорт кешенінде жаттыққан өрендер арасынан чемпиондар шыға берсін деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан ауыл халқының денсаулығын нығайтуға арналған кешенге қатысты кез-келген мәселені бірлесіп шешуге көмек беретінін айтты.