02.02.2022

23 ТҮРЛІ ЕР ЖАСАУШЫ ШЕБЕР ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕУДІ МАҚСАТ ЕТУДЕ

Халқымыз ерте заманнан төрт түлікке, әсіресе, жылқыға ерекше құрметпен қараған. Жылқыға қатысты «Ат - ер қанаты», «Жылқы - малдың патшасы», секілді басқа да даналық сөздері оның қадір-қасиетін айқындайды. Адамгершілігі мол, сабырлы да салмақты адамды «жылқы мінезді» деп те атайды. Сондықтан болар, адамзаттық абыройын асқақтатқан жылқының асыл тұқымдарының санын көбейту қажеттігі әлі де маңызын жоғалтқан емес.

Жылқыны баптап мінген халық оған қажетті әбзелдердің де сапасын басты назарға ұстайды. Сондықтан, бұл саланың мамандары әрқашан ерекше құрметке ие. Ер тоқымды дайындаудың шебері Киелітас ауылдық округінің тұрғыны Құрбанәлі Ағадиловтың қол өнерімен танысу мақсатында аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, қоғам белсендісі Рүстем Ашетаев, аудандық мәслихат депутаты Айдос Шырынбек шаңырағына арнайы ат басын бұрды.

Төлеби ауданының ат баптаушылары, көкпаршылары мен шабандоздарына ат әбзелдерін жасаушы шебер Құрбанәлі Арыстанбекұлы есімі жақсы таныс. Себебі, шебердің қолынан шыққан дүниелерге тапсырыс берушілер өте көп. Бірінші кезекте әр бұйымның сапасына ерекше көңіл бөлетінін Құрбанәлі жылқы малының қыр-сырын жақсы біледі. Көкпар аты мен бәйге сәйгүліктеріне арналған әбзелдердің ерекшеліктері мен өзгешеліктерін айтып, өзінің шеберханасының жұмысымен таныстырды.

«Төлеби ауданының табиғаты аясында серуендеушілер үшін атпен саяхаттау ерекше әсер қалдырады. Бұған қоса, көкпар ұйымдастыру да дәстүрге айналды. Жылқы малының ат әбзелдерінің көркемдігі мен сапасы үйлесуі қажет. Тапсырыс берушінің қалауымен ерекше дизайнымен, тоқым, желдігі, терлігі, тартпасы, тұяқтығына дейін өзім дайындаймын. Ерді қарағаштан жасап, оның сынбайтынына көз жеткізіп болған соң ғана оны былғарымен қаптаймын. Таралғы, жүген, ноқтаны қолымен өріп дайындаймын. Қазіргі кезде 23 түрлі ер жасай аламын, деді шебер өз әңгімесінде.

Ұста жүгеннен бастап құйысқанға дейін күміспен әрлеп, әшекей бұйымдармен көмкереді. Бұған қоса, зергерлік бұйымдар жасайды. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйіп, ат әбзелдерін жасайтын ұста өнерін үйрететін шәкірт тәрбиелеуді мақсат етіп отыр.

Зергерлік пен шеберлікті ұштастырған Құрбанәлі Арыстанбекұлы өз қолынан шыққан әрбір бұйымға асқан ұқыптылықпен қарайды. Жылқының жауырынына батып, қажап тастамас үшін тоқымның астына төселетін киіз де жұмсақ болуы керек екен. Бір аттың әбзелін жасап шығуға біршама уақыт керек екен. Тапсырыс көптігінен кейде үлгермей қалатынын айтқан шебер осы кәсіпті үйренуге ниет білдіргендерді шәкірт етіп алып, өнердің қыр-сырына машықтандыратын айтты. Бұған қоса, орта арнаулы оқу орындарында арнайы курс ашылса, қол өнер мен зергерлікке баулитын шәкірт тәрбиелесем деген ниетін де жасырмады.

Төлеби ауданының мәслихат хатшысы, "Nur Otan" партиясының мүшесі         Н.Қойбағаров