04.02.2022

ЗЕРГЕРЛІК ПЕН ШЕБЕРЛІКТІ ҰШТАСТЫРҒАН

«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасында шағын және орта бизнесті дамыту – өңір экономикасының өсу резервтерінің бірі болып табылатыны айтылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, аудандағы кәсіпкерлік көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалды, ауданның жалпы өңірлік өніміне шағын және орта бизнестің үлесі артты.

Бұған қоса, қол өнер шеберлерін қолдау мақсатында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» арқылы қайтарылмайтын грант берілуде. Бұған қоса, қол өнер шеберлеріне көрме ұйымдастыруға мүмкіндіктер жасалуда. Аудандағы шеберлердің қол өнерімен танысу мақсатында ат әбзелдерін дайындау ісінің маманы атанған Киелітас ауылдық округінің тұрғыны Құрбанәлі Ағадиловтың шаңырағына қоғам белсендісі Рүстем Ашетаев, аудандық мәслихат депутаты Айдос Шырынбекпен бірге ат басын бұрдық.

Төлеби ауданының ат баптаушылары, көкпаршылары мен шабандоздарына ат әбзелдерін жасаушы шебер Құрбанәлі Арыстанбекұлы есімі жақсы таныс. Себебі, шебердің қолынан шыққан дүниелерге тапсырыс берушілер өте көп. Бірінші кезекте әр бұйымның сапасына ерекше көңіл бөлетінін Құрбанәлі жылқы малының қыр-сырын жақсы біледі. Көкпар аты мен бәйге сәйгүліктеріне арналған әбзелдердің ерекшеліктері мен өзгешеліктерін айтып, өзінің шеберханасының жұмысымен таныстырды.

«Төлеби ауданының табиғаты аясында серуендеушілер үшін атпен саяхаттау ерекше әсер қалдырады. Бұған қоса, көкпар ұйымдастыру да дәстүрге айналды. Жылқы малының ат әбзелдерінің көркемдігі мен сапасы үйлесуі қажет. Тапсырыс берушінің қалауымен ерекше дизайнымен, тоқым, желдігі, терлігі, тартпасы, тұяқтығына дейін өзім дайындаймын. Ерді қарағаштан жасап, оның сынбайтынына көз жеткізіп болған соң ғана оны былғарымен қаптаймын. Таралғы, жүген, ноқтаны қолымен өріп дайындаймын. Қазіргі кезде 23 түрлі ер жасай аламын, деді шебер өз әңгімесінде.

Ұста жүгеннен бастап құйысқанға дейін күміспен әрлеп, әшекей бұйымдармен көмкереді. Бұған қоса, зергерлік бұйымдар жасайды. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйіп, ат әбзелдерін жасайтын ұста өнерін үйрететін шәкірт тәрбиелеуді мақсат етіп отыр.

Зергерлік пен шеберлікті ұштастырған Құрбанәлі Арыстанбекұлы өз қолынан шыққан әрбір бұйымға асқан ұқыптылықпен қарайды. Жылқының жауырынына батып, қажап тастамас үшін тоқымның астына төселетін киіз де жұмсақ болуы керек екен. Бір аттың әбзелін жасап шығуға біршама уақыт керек екен. Тапсырыс көптігінен кейде үлгермей қалатынын айтқан шебер осы кәсіпті үйренуге ниет білдіргендерді шәкірт етіп алып, өнердің қыр-сырына машықтандыратын айтты. Сонымен қатар, орта арнаулы оқу орындарын немесе арнайы курс ашылса, қол өнер мен зергерлікке баулыйтын шәкірт тәрбиелесем деген ниетін де жасырмады.

Төлеби ауданының мәслихат хатшысы, "Nur Otan" партиясының мүшесі         Н.Қойбағаров