18.02.2022

ЛЕНГІР ҚАЛАСЫНДА ЕКІ ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫП, 500 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

???? "Ленгір қаласының әлеуметтік - экономикалық дамуы және алдағы тұрған міндеттер туралы" қала әкімінің 2021 жылы атқарған жұмыстары жөніндегі есепті жиыны аудандық Мәдениет үйінде өтті.

???? Жиынға аудандық мәслихат хатшысы "Nur Otan" партиясынан сайланған депутат Нұрлан Қойбағаров, "Nur Otan" партиясының Төлеби аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Куаныш Қансейітов, "Nur Otan" партиясынан сайланған депутаттар Дина Хангельдиева, Феруза Қалтаева, Дәулет Мұсаев, Ділмұрат Омаров, "Ауыл" социал - демократиялық партиясы атынан сайланған Әбдінұр Шәйнеков қатысты.

???? Қала әкімі Нұргелді Клушевтың жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі бейнеролик арқылы көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Нұргелді Өсербайұлы ағымдағы жылы алға қойған негізгі міндеттер туралы баяндады.

???? Соңғы үш жылда қала экономикасында өсу динамикасы байқалады. Салықтың барлық түрінен түсімі ұлғайып, қаланың бюджеті өсті. Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістік ауыз толтырып айтарлықтай. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалды.

???? Атап айтар болсақ, Ленгір қаласынан құны 550 млн теңге болатын «KAZPLAST» ЖШС киім тігу цехын іске қосу жоспарлануда. Нысанның қазіргі таңда жер телімі анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2022 жылы іске қосылса, 250 адам жұмыспен қамтылады. Екіншісі, өнеркәсіп саласындағы ірі жобалардың бірі - «Ленгер машина жасау» зауыты іске қосылатын болады. Бұл жобаға 2 млрд теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда жалпы өндірістік аумағы 13096 шаршы метр болатын кәсіпорында толықтай қайта құру, жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары ашылып, 250 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Ленгір қаласының тұрғындарын таза ауыз су беру үшін Алатау ауыл округіндегі Көктерек су тазалау имаратының құрылысын салу үшін құны 657 млн. теңгеге сараптаманың оң қорытындысы алынып, 2022 жылы құрылысын жүргізу үшін қаржыландыруға ұсынылды.

???? Ленгір қаласының Күмістөбе және Кенші көшесін газбен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ленгір қаласына бейнебақылау камералары, автобекет маңына бағдаршам орнатылды. 180 пәтерлі 9 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіліп, 6 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Ал, қалған 3 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы 2022 жылға өтпелі. Демеушілер есебінен Ленгір қаласының І мөлтек ауданында 9 дана 60 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге құны 7 млрд 755 млн теңгенің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыруға тиісті салалық басқармаларға жолданды. Сондай-ақ, демеушілер есебінен Алатау мөлтек ауданында 3-кластағы тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп, сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Ленгір қаласы Базарная және Қ.Дүйсемұратұлы көшелеріндегі 40 және 30 пәтерлі 10 дана тұрғын үйлердің құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге, аудан бюджетінен 10 млн теңге қаралды.

???? Ленгір қаласының Алатау мөлтек ауданына электр жүйесі, автомобиль жолдары құрылысын жүргізуге 7 млрд 739 млн теңгенің жобалары қаржыландыру үшін ұсынылды.

Ленгір қаласының Шахта Тоғыс елді мекенінің кіреберісіне стелла, 1 мөлтек аудан және Ленгір-Екпінді тас жолы бойында аудан бюджетінен 14,6 млн теңге қаржы қарастырылып, учаскелік полиция қызметкерлеріне фронт офис орнатылды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 70 адам қайтарымсыз грантқа ие болды.

???? Жарыссөзге қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ордабек Абдукаимов шығып, қалада қыруар жұмыс атқарылып жатқанын айтып, халық сайлаған Н.Клушевтің жұмысын оң бағалады.

Қала тұрғыны Шадықұл Бердібеков қаланы өркендету үшін инвестиция тарту, тоқтап тұрған өндіріс ошақтарын жандандыру сынды жұмыстарды жолға қою қажеттігін еске салды.

Қала тұрғыны Ордабек Асанов көп қабатты жаңа тұрғын үйлер мен жер кезегі туралы білгісі келетінін, электр бағаналарының ескіргендігін, кәсіпкерлердің басын қосатын орталық немесе ашық пікірталас алаңын ашу жөніндегі ұсынысын жеткізді.

Болысбек Үсіпбаев Кенші көшесіне бір аялдама мен ойын алаңшасы қажеттігін айтса, Лидия Мехлик әкімнің жұмысына жақсы деген бағасын беріп, орталық саябақты көркейтіп, абаттандыру жайын қозғады. Мектеп директоры Ғалымжан Мырзалы Төлеби ауданының мерейтойына дайындықты бастауды, аудан логотипін қай жерге орнатуға қатысты пікірін ортаға салды.

Қала тұрғындарының сұрағына Н.Клушев толыққанды жауап берсе, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Қойбағаров жергілікті тұрғындарды қалаға қатысты әрбір іске жанашырлық, белсенділік танытуға шақырып, бірқатар азаматтардың сұрақ, ұсыныстарына жауап қатты.

©️ Төлеби аудандық мәслихат аппаратының баспасөз қызметі