22.02.2022

КЕМЕҚАЛҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ ЕСЕП БЕРДІ

???? ӘҢГІРАТА АУЫЛЫ

✅ Бүгін Кемеқалған ауылдық округінің әкімі Досымжан Дәрібаев үш елді мекенде өткен жылы атқарған жұмыстарынан жергілікті тұрғындарға есеп берді. Бұл жиналысқа Төлеби аудандық мәслихатының депутаттары Д.Омаров, Е.Жабаев, Д.Хангельдиева, А.Сахов және бірқатар дербес бөлім басшылары қатысып отырды.
✅ Әңгірата ауылында мектеп директоры Құрманғазы Молдияров Наурыз алаңына «Актив-Кейсел» компаниясы орнатып кеткен электр бағаналарын басқа жаққа жылжыту, ауыл ақсақалы Молдағали Молдияров су есептеуіш құралдарын орнату мәселесін көтерді. Ардагер ұстаз Керімбек Мекембаев эектр бағаналарын ауыстыру, Келесбай Дауырбаев артизиан құдықтары үшін ұңғыма қазу жайын ортаға салды. Ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Тұрғымбек Манапов пен Сайлау Құлманов ауыл әкімінің аудан басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, бірқатар шаруаларды тиянақты атқарғанын тілге тиек етіп, жұмысын оң бағалады.
✅ Осы округке жауапты халық қалаулысы Ерболат Жабаев алда атқарылатын бірқатар жұмыстарды ауыл ақсақалдарымен ақылдаса, ортаға салды.
????АБАЙ АУЫЛЫ
✅ Әсем мешіті, асфальтталған кең жолы, заманауи мектебі бар Абай ауылы бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көріктеніп-көркейген. Алма бақтары күнмен таласа бой түзеп қалған. Бұл ауылдың гүлденуіне кезінде облыстық мәслихаттың депутаты болған іскер азамат, ауыл тумасы, кәсіпкер Әсет Қайыпбековтің де үлесі мол. Ауылдықтар үшін екі тоған жасап, алма бауын өсіріп, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр.
✅ Ауылдың қадірменді ел ағасы Балдырбек Байдыбеков сөз сөйледі. Ол 2014 жылы Шымкент қаласына кірген Текесуға дейін келетін қоғамдық көліктерді Абай ауылына дейін жүргізуге ықпал етсеңіздер,-- деген өтінішін мәслихат депутаттарының назарына сала келе, ауызсу құрылысын аяқтау, ескірген бағаналарды ауыстыру жайына ауыл әкімінің назарын аудартып, жұмысына жақсы деген бағасын берді.
????ҰЙЫМШЫЛ АУЫЛЫ
✅ Ұйымшылда Мекенбай Сәрсенбаев ауызсу, Бибосын Елтаев тоған салу, Шоқалақ көшесіне тас төсеу, 1965 жылы жүргізілген электр желілерін ауыстыру, ауыл жайылым жеріне басқа жақтың малын кіргізбеу мәселесін көтерсе, Асан Байменов ауылда шиебөрілердің жүретінін, осыған байланысты түнгі жарық орнатудың ауадай қажеттігін айтты. Ал Асқар Беласаров балалар үшін ойын алаңшасын сұрады.
✅ Барлық елді мекендерде тұрғындарды толғандырған сұрақтарға округтің әкімі Д.Дәрібаев жауап берсе, аудандық мәслихаттың депутаты Д.Омаров та ой-пікірін ортаға салып, халықты бірлікте жұмыс жасауға шақырды.
®️ Төлеби аудандық мәслихат аппаратының баспасөз қызметі