12.03.2022

120 ОТБАСЫ ШАҢЫРАҚ ТОЙЫН ТОЙЛАЙДЫ

Бүгін Төлеби ауданына арнайы іс-сапармен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келді. Ең бірінші Ленгір қаласының І мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен құрылысы аяқталған тұрғын үйлерді аралап, 20 пәтерлік 6 дана көпқабатты тұрғын үйдің кілтін табыс етті. Аудан орталығында 120 отбасы баспаналы болды. Салтанатты шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы ретінде қатыстым. 

Өмірзақ Естайұлы жаңа пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Бүгін міне, жаңа үйге қоныс аударып, «Қоныс тойын» жасап жатырсыздар. Пәтерлеріңіз құтты болсын. Табалдырығынан жаңа аттағалы тұрған қоныстарыңыз берекелі, ырысы мол, Қыдыр қонған үлкен үйге айналсын. Шаңырақтарыңызда тек қана той болсын дегім келеді, деді құттықтау сөзінде облыс әкімі.

Тұрғын үй кезегінде тұрып, баспанаға қол жеткізгендердің қуанышында шек жоқ. Пәтерге ие болғандар атынан көпбалалы Урсбаева Гулсара мемлекет қамқорлығы нәтижесінде қол жеткізген шаңырақтары үшін аудан және облыс басшыларына алғыстарын жеткізді.

Бүгінде Төлеби ауданында барлығы – 4520 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тіркелген. Оның ішінде: Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында – 310. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатында – 1934. Көп балалы отбасылар санатында – 807. Мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында – 1469 азамат бар. Қазіргі таңда оларға баспана беру мәселесі оңтайлы жолға қойылып келеді. Алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үй құрылысын жүргізу бойынша үлкен жобалар қолға алынады.

Бүгін кезектілік сақтала отырып «халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санатындағы, «ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатындағы, «Көп балалы отбасылар» санатындағы, барлығы – 120 отбасы тұрғын үймен қамтылып отыр.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі