29.03.2022

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБУҒА ЫҚПАЛ ЕТТІ

Төлеби аудандық мәслихатының бекітілген кестесіне сәйкес, «Ақ жол» халықтық –демократиялық партиясынан сайланған мәслихат депутаты Азамат Сахов аптаның алғашқы күні тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға келген Алатау ауылдық округі, Екпінді елді мекенінің тұрғыны Ербол Әуелбеков ауылдағы жол бойында орналасқан мешіт маңының жоғары жағында өзен жағалай өткен табиғи газ жеткізгіш құбырының тіреуішінің түбін өзен су шайып кетіп, авариялық жағдайда тұрғанына шағымданды. Газ құбырының тіреуіші құлап кетіп, төтенше жағдай орын алу мүмкіндігі бар екенін ескерткен ауыл тұрғыны мәселенің тез арада шешімін табуға ықпал етуді сұранды.

Аудандық мәслихат депутаты Азамат Саятайұлы аталған мәселені шешу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаевқа, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бақытғали Есіркеповке хабарлады.

 Айта кетерлігі, «Ақ жол» халықтық демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасы алты бағыттан тұрып, саяси ұйым ішкі, сыртқы саясаттан бастап, нарықтық экономика мен кәсіпкерлікті қолдауға дейінгі ұсыныстар көтерді. «Ақ жол» халықтық демократиялық партиясы бүгінде елдің саяси сахнасында өзінің елеулі орны бар, парламентте халықтың мүддесін қорғап жүрген, қоғам алдында өзіндік орны бар саяси ұйымға айналған.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі