30.03.2022

Төлеби ауданына – 90 жыл! ТӘТТІ ӨНІМДЕРІМЕН ТАНЫМАЛ - БІРІНШІ МАМЫР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Бірінші Мамыр ауылдық округі - халқы санынан Ленгер қаласынан кейінгі екінші орында тұрған аймақ. Ауылдық округ орталығы – Бірінші Мамыр ауылы, құрамында Алғабас, Бейнеткеш, Жаңажол, Зағамбар, Тағайна, Ынтымақ ауылдары бар. Жер көлемі -24816 га, отбасы саны -3446, жалпы халық саны 20306 адамды құрайды. Тұрғындардың басым көпшілігі –қазақтар. Бірлігі бекем ауылдық округте мемлекет құраушы жергілікті ұлттан басқа, украин, татар, неміс және өзге де 18 ұлттың өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір сүруде.

Округте 4 ЖШС, 5 АШҚ 3 өндірістік кооператив, 562 шаруа қожалығы, 52 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Аумақта 7 жалпы білім беретін орта мектеп, 9 балабақша, 2 отбасылық дәрігерлік емхана, 5 ФАП, 2 Мәдениет ошағы бар.

Жері шүйгін, топырағы құнарлы, халқы бейнетқор аймақтың даңқы кезінде көл-көсір көкөнісімен, берекелі бақша дақылымен, мәуелі жемісімен шыққан. Ол аудандағы осы салаға бейімделіп мамандандырылған бірегей кеңшар еді. Мұнда дәнді және майлы дақылдар да егіледі. Төрт түлік мал өсіруге қолайлы.

Округтің алғашқы атауы Бадам жағасына таяу орналасқан Жалғандық ауылымен аталған және ол Қазығұрт датқалығына қараған. Ресей отарлап алғаннан кейін Бадам болыстығына берілген. 1918 жылы Дорофеевка төңкерістік болыстық атқару комитеті құрылып, 1924 жылы – Первомаевка ауылдық кеңесі, Первомаевка селосы болып өзгертіледі. 1929 жылы бұл аймақта «1-я пятилетка», «Қызыл қанат» колхоздары құрылады. 1940 жылға дейін Бірінші Мамыр ауылдық округ өңірінде төрт ауылдық кеңес, он жеті колхоз болған. 1961 жылдың 4 наурыз күні облыстық атқару комитеттің шешіміне орай, «Ш-Интернационал», Чапаев, К.Маркс, колхоздары жаңадан ашылған Бірінші Мамыр совхозына қосылады. Әлішер Науаи колхозы «Қазығұрт» совхозының құрамына өтеді.

 Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының және облыстық әкімдіктің 2006 жылдың 2 қазандағы №25-294 бірліскен шешімімен Первомаевское селосы – Бірінші Мамыр ауылы болып өзгертілді,

Бірінші Мамыр ауылдық округінде республикаға және алыс, жақын шет елдерге танымал «Балмұздақ» ЖШС –і орналасқан. «Балмұздақ» ЖШС-і өз өнімдерімен бүкіл Қазақстанды қамтып отыр. Сондай-ақ, өнімдерін көршілес шет елдерге де эскпорттауда. Серіктестік ұдайы заман талабына сай озық технологияларды ендіріп, балмұздақ өндірісі үшін қажетті барлық шикізатпен қамтамасыз етілген, арнайы талапқа сай сертификаттары бар. Бүгінгі таңда 200-ден астам жұмысшысы бар кәсіпорында 50-ге жуық балмұздақ түрі өндіріледі. Бұған қоса, «Балмұздақ» ЖШС — і шоколад өңдейтін цехін іске қосып, отандық өнім «Түркістан» сауда белгісімен шоколад, «Perfetto» сауда белгісімен шоколадты конфеттер өндіру жұмысын қолға алған.

Бірінші Мамыр елді мекеніндегі орталық көшеге аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі беріліп, жуырда аталған көше бойына кемеңгер тұлғаның бюсті орнатылды.

Ал, округ халқының бос уақытында тынығып, демалуына арналған «Жеңіс» саябағында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап ескерткіштер орнатылып, жеңіс алауына арналған аллея қойылған. Қазіргі кезде парк аумағында көптеген Мәдени, рухани іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.

Жастарды спортқа баулу мақсатында Бірінші Мамыр елді мекеніне 2.50 гектар жерге заманауи спорттық-салауаттық кешен мен футбол алаңшасын салу мақсатында ауқымды жоба дайындалды. Қазіргі кезде жобаны жүзеге асыру үшін жұмыстар жүргізілуде. Алғабас елді мекеніне "Шымкенцемент" АҚ демеушілігімен жабық спорт кешенінің құрылысы қолға алынды.

Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына Бірінші Мамыр ауылдық округ тұрғындары да өз үлестерін қосып, аудан жастары арасында ”Бірінші Мамыр біріншілігі" тақырыбында спорттық жарыстар өткізуді жоспарлап отыр.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі