01.04.2022

ЖИЫН БАРЫСЫНДА КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

 Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың Қаратөбе ауылдық округіндегі кездесуі барысында ауыл халқы шешімін күткен өзекті мәселелерді көтерді.

Қаратөбе – аудан орталығына ең шалғай жатқан аймақ болғанына қарамастан, елді мекендердегі инженерлік-коммуникация жүйелері шешімін тапқан. Округке қарасты барлық елді мекендерге табиғи газ, электр желілері, ауыз су құбырлары тартылған. Орталық көшелер жөнделіп, ауыл ғаламтор жүйесіне қосылған. Ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарып, көркейту, абаттандыру бойынша тындырымды тірліктер жасалған.

Округте жетістіктер мен қатар шешілмеген, қордаланған, кезегін күткен түйткілді істер де бар. Қостөбе ауылының тұрғыны М,Жолаев ауылдағы құрылысы бітпеген көпір жайын сұраса, К.Елікбаев интернет желісі дұрыс істемейтінін, электр бағаналары ескіріп, жел тұрса, сөніп қалатынын айтып, туризм саласын дамыту арқылы ауылдағы жастарға жұмыс орны ашылса, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорт кешені іске қосылса деген өтінішін жеткізді, Ә.Қалдыбаев жөндеуден өткен жолдың сапасы сын көтермейтінін, жол бойындағы су құбыры жарылып кетіп, бірнеше рет жөндеуден өткенін айтты, С.Досалиев Майбұлақ ауылындағы көшенің аяқ жағындағы үйлерге баратын электр желілері ауыстырылмай қалып кеткенін, үлкен жол бойына аяқ жол қажеттігін ескертті, Ө.Исатаев Төңкеріс ауылында жайылымдық жердің аздығына қарамастан жер иелері сырттан мал алып келіп бағатынын, нәтижесінде төрт түлікке жем-шөпті толығымен дайындай алмайтындықтарына шағымданды,

Кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жауап бере отырып, бүгінде халықтың өмірге деген белсенділігі артып, қоғам дамуына деген үлес-ынтасы еселене түскендігін, жиын барысында айтылған өтініш, тілек, арыз-шағымдар назардан тыс қалмайтынын, бұл бойынша жоспар түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп отырғанын жеткізді.

Ауыл – халқымыздың алтын қазығы, салт-дәсүріміздің мәйегі орныққан мекен. Демек, мұндағы жастардың еңбекке деген құлшынысын арттыру, тұрақтандыру үшін кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр», - деді аудан әкімі.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі