04.04.2022

Төлеби ауданына - 90 жыл! АҚҚҰМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ - ТАЛАНТТАР ТҮЛЕП ҰШҚАН АЙМАҚ

Қазіргі Аққұм ауылдық округ аумағы 1930-1935 жылдары «Қызыл үңгір» ауылдық кеңесі деп аталған. Оның құрамында Ерназаров, «Төрттал», «Жаңаұйым», «Момынай», «Новый строй», «Екпінді», «К.Маркс», «Қызыл жұлдыз» колхоздары болған. 1936 жылы Ерназаров колхозы – Аманкелді колхозы деп өзгертіледі. 1950 жылы «Жаңаұйым», «Момынай», «Қызыл әскер» колхоздары – Аманкелді колхозының құрамына енді, 1974 жылы Аманкелді колхозы жаңадан ашылған Горный совхозына қосылады, 1980 жылы Новостроевка, Доңызтау, Екпінді, Жаңатұрмыс, Жаңаұйым, Карл Маркс, Көлбастау, Қосағаш, Қызыл Әскер, Момынай, Нысанбеков, Скреплевка, Тасарық, Шұбарағаш ауылдары – Новостроевка ауылдық кеңесіне қараған.

2001 жылдың 20 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихат шешімімен және облыстық әкімдіктің қаулысымен бұрынғы Қызыл Әскер ауылдық округі – Аққұм ауылдық округі болып өзгертілді. Округ аумағында – Аққұм, Момынай, Жаңаұйым ауылдары орналасқан. Жер көлемі-5825 гектар. Орталығы – Момынай ауылы. Халық саны – 5018, отбасы саны – 890, тұрғын үй саны – 743. Ауыл шаруашылығына тиесілі жер көлемі-2814 гектар, 5-ЖШС, 2 – ӨК, 223-ШҚ бар. Округте -3 жалпы орта мектеп, 3 ФАП, 1 – пошта байланысы бар, 4 балабақша бар.

Аққұм ауылының батысында ескі заманнан қалған үлкен қорым бар. Қорым топыраға аппақ құмды болып келеді. Құмның осы ерекшелігіне байланысты елді мекенге қоныстанған тұрғындар оны Аққұм деп атап кеткен. Кеңес Өкіметі кезінде сол мезгілдің саясатына сәйкес, ауыл өз алдына бір әртел атанады, Әртел дегеніміз – қауымдасып еңбек ететін адамдар дегенді білдіреді. Аққұм ауылы – Төрттал әртелі деп аталады, 1930 жылы Төрттал әртелі Қызыл әскер колхозының құрамына енеді. 1950 жылы Аманелді атындағы колхоздың құрамында еніп, 1997 жылы ол колхоз таратылып, Қызыл әскер ауылына өзінің тарихи Аққұм атауы қайтарылады, 2000 жылы «Қапал батыр» ЖШС іске қосылып, 2005 жылы ескі мешіт, ФАП, кітапхана қайта жөндеуден өтті.

Аққұм ауылында облыс көлемінде алғашқы болып "Суретшілер үйі" ашылды. Өнер ор­та­лығы былтырғы жылы іске қосылып, оның ашылуына осы өлкенің тумасы, Қа­зақ­стан Суретшілер ода­­ғының мүшесі Құт­ты­бек Жа­қыпов мұрындық болды. Сондай-ақ, ауылда тоқыма суретшісі, қазақ ұлттық гобеленнің негізін салушылардың бірі - Құрасбек Тыныбеков дүниеге келген.

Оңтүстіктің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған белгілі суретші Құрасбек Тыныбеков - қазақ гобелен өнерінің шолпан жұлдызы. Ол - небәрі 33 жыл өмір сүрсе де, өзінен кейін соны ізін, мол мұрасын қалдырып үлгерген алып өнер иесі. Шоқтығы биік талант иесінің «Дала әуені», «Аспан», «Көктем», «Тау мен дала аңызы» сынды гобелендері қазақтың ұлттық қолөнерінің алтынқорына айналған. Оның сызба күйінде қалып кеткен дүниелерін бүгінде ізбасар інісі түгендеп, шығармашылығын толықтырып келеді.

Ауылдық округтен елімізге танымал көптеген тұлғалар ұшып шыққан. Олар бүгінде мемлекетіміздің өркендеуі мен дамуы жолында еңбек етуде.

Округ тұрғындары бір атаның баласындай бір шаңырақ астында еңбек етіп, тату тәтті өмір сүріп жатыр. Иә, аумақ тұрғындары өзінің бірлігі, ынтымағымен көпке үлгі. Ауыл халқы өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткен, достық пен ынтымақ ордасы болып саналады.

Округке қарасты барлық ауылдардың инфрақұрылым жүйелері ретке келтірілген. Ауылдарда күнделікті тұрмысқа қажетті газ, су, электр жарығы, байланыс жүйелері тартылып, жолдар жөнделіп, әлеуметтік мәселелер шешімін тапқан.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан Аққұм ауылдық округі ауданның 90 жылдық мерейтойына үлестерін қосуға қызу дайындық үстінде.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшес