05.04.2022

ЗЕРТАС ӨҢІРІ – БАТЫРДЫҢ ТУҒАН ӨЛКЕСІ

Қазіргі Зертас ауылдық округінің аумағы 1808-1864 жылдары Қоқан басқыншылығы кезінде Сайрамсу датқалығына қараған. 1864 жылы оңтүстікті Ресей патшалығы отарлап, 1867 жылы жер-жерлерде болыстықтар құрылған кезде Зертас өңіріндегі – Орта Тоғыс, Болат, Зертас, Көрік, Айналма, Ботбай, Қусиррақ, Алакүшік, Көтерме ауылдары Қарабұлақ болыстығының құрамына кіреді.

1930 жылы қазіргі Зертас ауылдық округінің жерінде Қаратс ауылдық кеңесіне қарасты Жаңакүш, Мирзоян, Қызыл Пресс, Елтай, Болат деп аталған бес колхоз болған. 1936 жылы қазіргі Зертас ауылынан Ежов колхозы ашылады. Сол жылы «Болат» колхозы Елтай колхозына қосылады. 1941 жылы Елтай колхозының аты – Қазақстанның 20 жылдығы колхозы болып өзгереді. Ежов колхозы Фрунзе болып өзгереді. Кейіннен атауы бірнеше рет өзгерген колхоздар, 1961 жылы «1 Мамыр» совхозына біріктіріледі.

Кейбір деректерге сүйенсек, Зертас орнындағы бұрынғы қазақ ауылының атауы- Көрік болған екен. 1912 жылы Ресейден жер ауып келген славян халықтары ауыл атауын сол кездегі Сырдария облысының әскери губернаторы болған Галкинның құрметіне Галкино деп атаған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1992 жылғы 19 наурыздағы Жарлығымен Галкино селосы Зертас ауылы болып өзгертілді.

Зертас ауылдық округі құрамында – Зертас, Жаңакүш ауылдары бар. Орталығы – Зертас ауылы. Округтегі отбасы саны -1129, халық саны -6126. Аумақта 2 жалпы білім беретін орта мектеп, 2 балабақша, 1 Мәдениет үйі, 1 кітапхана, 1 ауылдық емхана, 1 ФАП бар. 1. Округ бойынша жер көлемі -9708,64 гектар, оның ішінде егістік жерлер - 3182,12 га, үй іргелік жерлер -1677 га, шабындық жерлер - 961,15 га, жайылымдық жерлер - 2426,76 га, суғармалы жерлер - 1290,61 га, бау – 171 га құрайды. Кәсіпкерлікпен айналысатын 474 субьект болса, оның ішінде ауыл шаруашылық саласын қолға алғандар саны – 442, кафелер саны – 2, қызмет көрсету саласында – 4, сауда орталықтары - 16 (дүкендер). Округ аумағында бір кәсіпорын «Oникс К» ЖШС геологиялық барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізетін мекеме жұмыс істейді.

Зертас ауылының тұрғыны, кәсіпкер әлемдегі ең жылдам өсетін павлония ағашын өсіруді қолға алған. Махалбай Ускенов 15 соттық жылыжайына мың дана ағаш көшетін отырғызған. Павлония ағаш елді мекенді көгалдандырып, көркейтуге таптырмайтын ағаш екен. Көктемде жапырақтары бүршік жармас бұрын шырағдан тәрізді 5-6 апта бойы гүлдеп тұрады. Ерекшелігі құрт-құмырсқа сияқты зиянкестерге бой бермейді. Павловнияның тағы бір ерекшелігі, басқа ағаштарға қарағанда оттегіні бірнеше есеге көп бөледі. Павлония жылына 5 метрге дейін өсетін ағаш. Аса ерекше күтімді қажет етпейтін, төзімді болып келеді. Бұл ағаш өте мол сұранысқа ие. Әсіресе, жихаз дайындауға кең ауқымда қолданылады.

Айта кетерлігі, ауыл аумағында жеке кәсіпкер Қ.Омартаев ағаш өңдеу ісін жандандырып отыр. Іске қосылғанына 3 жылға жуықтаған цехта заман талабына сай ағаш есіктері ерекше дизайнмен дайындалуда.

Ұйымшылдығымен, еңбекқорлығымен танылған ауылдың Спатай Аңдас көшесінде Ұлы Отан соғысының батыры Қосан Мамытов атындағы аллеяның құрылысы жүргізілуде. Аллея жобасының жалпы құны 6 млн 300 мың теңгені құраса, оның 3 млн 500 теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалған 2 млн 800 мың теңгесі ауыл тұрғындары жинаған.

20 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, 1-ші Беларусь майданы 3-ші әскер 120-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 336-шы гвардиялық атқыштар полкінің пулеметшісі болған Қосан Мамытовтың ерлігін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында батырдың кеуде мүсіні орнатылмақ. Бұған қоса, аллеяға фонтан, қонақтардың тынығып, демалуына орындықтар қойылады.

Округ тұрғындары елді мекенді, көркейту, көгалдандыру ісіне белсене кіріскен. Сондай-ақ,ауыл халқын салауатты өмір салтына шақыру мақсатында екі бірдей спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Р.Нұрмаханбетов көшесінде ауыл халқының жинаған қаржысына тұрғызылған аумағы 360 шаршы метрді құрайтын спорт зал бар. Спорт залдың құрылысына жеке кәсіпкер М.Төлтебаев демеушілік көмек көрсеткен. Ал, Спатай Аңдас көшесінде жеке кәсіпкер Б.Аманбаев өз қаражатына заман талабына сай спорт кешенін тұрғызды. Жалпы, құны 55 млн теңгені құрайтын кешеннің бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған спорт кешені күрес және бокс секцияларына арналған залмен қамтылмақ.

Жалпы, Зертас халқы ауданда іскерлігімен, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысуымен танылған аймақ. Ауданның 90 жылдық мерейтойына орай, зертастықтар көптеген іс-шаралар ұйымластырып, белсенділік танытуда.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі