01.04.2022

ХАЛЫҚТЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМЫН ТЫҢДАДЫ

\

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында аудан әкімі Төлеген Телғараев халықпен кездесу үшін арнайы елді мекендерде жиын өткізіп қана қоймай, тұрғындардың арыз-шағымына назар аудару үшін оларды жеке қабылдады. Қаратөбе ауылдық округіндегі қабылдауға келген азаматтар жол, ағын су, көпір, жайылымдық жер мәселесін көтерді.

Төңкеріс елді мекенінің тұрғыны Л.Абдраиов ауыз су, газ құбырын жүргізген мекемелер жолды қазып, оны қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбегенін айтты. Қ.Қалқабаев Жамбыл ауылынан қалаға жүретін айналмалы жол салуды өтінді. М.Сахов төрт түлікке жем-шөп дайындау мақсатында көліктер жолды қысқарту мақсатында төте жолды пайдаланатынын, ол жол қия беткейде орналасқандықтан, қауіптілігі бар екенін айтып, оны кеңейту үшін тегістеу қажеттігін айтып, көмек сұрады. А.Қожабаев көшеге асфальт төселген кезде мердігер мекеме 450 метр жолды ұмыт қалдырғанына шағымданды. Ж.Сатқынбаев жолды жөндеу, түнгі жарықтандыруды қосу мәселелерін көтерді, Сондай-ақ, отбасылы болған жастарды жеке отау ету үшін жер телімдері қажеттігін айтты.

Қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көтерген мәселелеріне қатысты аудан әкімі толық түсіндіріп, жан-жақты саралап, жауап берді. Басқосуға қатысып отырған аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров та қойылған сұрақтарға заң аясында кеңес бере отырып, айтылған өтініштердің шешімін табуға ықпал ететінін сөз етті.

Билік бұқараға жақын болуы керек. Бүгінгі күні қалың елдің жүрегіне жол табу да оңай емес. Ол үшін билік пен халық арасында ашық диалогқа құрылған алтын көпір болуы керек. Осы жағына көбірек көңіл бөліп жүрген аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы көп уақытын бұқарамен кездесуге, ашық-жарқын пікір алмасуға, елдің жағдайымен жақыннан танысуға арнап жүр. Бұған қоса, аудан басшылары әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттары арқылы халықпен жедел кері байланыс орнатуға көңіл бөлуде.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі