02.04.2022

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ДІНМҰХАМЕД АХМЕТҰЛЫНЫҢ БЮСТІ АШЫЛДЫ

Төлеби ауданына қарасты Бірінші Мамыр ауылдық округінде аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, үш рет Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай мерекелік жиын өтті. Жиын барысында есімі ғасыр бойы халық жадында сақталып, ұрпағына өшпес із қалдырған ірі тұлға ретінде тарих бетінен айрықша орын алған Дінмұхаммед Ахметұлының бюсті ашылды.

Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні атап өтілген салтанатты шараға аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кешегі Кеңес Одағы тұсында Қазақстанды басқарған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев өзінің ақылы, қайраты мен жылы жүрегімен таныла білді. Басшылық қызмет атқарып жүрген кезде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығының дамуына ат салысты. Мемлекетіміздің өркендеуі жолында еңбек еткен тұлға есімі әрқашан жадымызда сақталады. Дінмұхаммед Ахметұлының есімін мәңгі ұлықтау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Қапшағай қаласын халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атауды ұсынды. Баршаңызды тарихи тұлғаның бюстінің ашылуымен құттықтаймын, - деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.

Баскосуға қатысқандар мемлекетіміздің біртуар тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы жайында естелік әңгімелер, өмірі, ұрпағына қалдырған өшпес ізі жөнінде әңгімелер айтып, жиналғандарды елімізді көркейтуге ат салысқан еңбек ардагерінің бюстінің ашылуымен, айлардың сұлтаны Рамазан айымен құттықтады. Аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері мереке құрметіне әннен шашу шашып, ауданның бас имамы ұлы тұлға рухына құран бағыштады.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі