06.04.2022

ҚАСҚАСУДА КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған жолдауында "Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін" деген болатын.

Осы орайда Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың халықпен кездесуі Қасқасу ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы ретінде ашып, жүргізіп отырдым. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңес төрағалары, ардагерлер, зиялы қауым, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, түрлі сала қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

 Басқосуда аудан әкімі "Ауданның әлеуметтік экономикалық дамуының 2021 жылы атқарылған және 2022 жылы атқарылатын жұмыстары туралы баяндама жасады.

Аудан әкімінің атқарған жұмыстары ауданға тартылған инвестиция көлемі мен ашылған жұмыс орындарына қарай бағаланса, былтырғы жылы ауданға 16.7 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 55.6 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 21446.0 млн теңгенің өнімі өндірілді. Аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандағы 55 елді мекенінің 54-і орталықтандырылған су құбырына қосылған. Табиғи газ құрылысы биылғы жылы толығымен аяқталса, аудан 100 пайыз көгілдір отынға қосылады. Ауылдарға аяқ жол, көпір салынды. Биылғы жылы аудан көлемінде 5 ФАП, 5 модульдік дәрігерлік пункттің құрылысы жүргізіледі.

 Округте 2021 жылы бюджет есебінен Керегетас елді мекеніне ауыз су құбыры тартылды. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кеңесарық елді мекендеріне табиғи газ жүргізілді. Көктөбе көшесі жөнделіп, Тастақ көшесінде орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сығанақты көшесіне тас төселіп, Қасқасу елді мекеніне түнгі жарық орнатылды. Жаңа массивке инженерлік коммуникация құрылысына қаржы қаралды.

2022 жылы жүзеге асатын жобалар: табиғи газ құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Керегетас елді мекенінде ауыз су құбырын құрылысы жалғасын табады. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу елді мекендерінде ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өтеді. Керегетас елді мекеніне түнгі жарық қойылады. Кеңесарық елді мекенінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ФАП құрылысы жүргізіледі. Тастақ және Сырғанақты көшелеріндегі құрылыс жұмыстары жалғасын табады.

Жиын сұрақ-жауап форматында, еркін ашық пікір алмасу арқылы өтті. Ауыл тұрғыны Ерлан Бексейітов жайылымдық жердің тарлығын, тартылған ауыз судың сметалық құжаттары жоқтығын, Науыт өзенінің арнасын тазарту, ойын алаңшасына қойылу қажетті екі қондырғы орнатылмай қалып кеткенін, ауылға газ жүргізу жобасына кейбір үйлердің енбей қалғанын, ішкі арықтады тазалау қажеттігін, ауылдағы 19 отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргенін айтты. Бұған қоса, облыстық маңызы бар жолдарға түнгі жарықтандыру орнатылып жатқанын, құрылыс жұмыстары аяқталған кезде босап қалған жарықтарды ішкі көшелерге орнатуды ұсынды, Тау баурайындағы демалыс орындары ауыл аумағында орналасқанымен, салықты басқа жерге төлейтінін, мекеме қалдықтары ауылдағы өзендерге құйылатынына шағымданды.

Кеңесарық елді мекенінің тұрғыны Ермек Қалиев ағын су мәселесін шешіп беруді, ауылдағы көшенің атауын өзгертуді, медициналық пункттің апатты жағдайда тұрғанын, ескірген электр бағаналары мен тозығы жеткен трансформаторлар салдарынан жарық жиі сөніп қалатынын айтты.

Журналист Ләззат Асанова ауылдағы ішкі көшелерде қарды тазалау жұмыстары дер кезінде жүргізілмейтінін, жоғарғы кернеулі трансформатор үй ауласынан өтуінің салдарынан ауылда адам өлімі орын алғанын сөз етті.

Керегетас ауылының тұрғыны жайылымдық жерлерге шешімі болғанымен, ол ұлттық парк аумағына еніп кеткендігін, ауылдағы бос жатқан 4 га жерді ауылдық әкімдіктің балансына өткізу қажеттігін, себебі ауыл тұрғындары, демеушілер тартып, осы жерге саябақ салу жоспарланғанын айтып,, оның жобасымен таныстырды.

Кездесу барысында қойылған сұрақтарға аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдары мен орындалу кезеңі жөнінде әңгімеледі. Жиынды қорытындылап,  басқосу кезінде айтылған проблемалар жөнінде хаттама түзілгенін, сала басшыларына жолданғанын, алдағы уақытта ол бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі аудан әкімінің ресми сайтында, БАҚ беттерінде жарияланатынын жеткіздім. 

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі