14.04.2022

ОРАЗА ҰСТАУ - ПАРЫЗ ҒАНА ЕМЕС, ПАЙДАСЫ МОЛ САУАПТЫ ІС

✴️Бүгін, Рамазан айының он төртінші күні, яғни берер несібесі мен сауабы мол айдың екінші аптасы, бірінші жарты айы өтуде. Айлардың сұлтаны Рамазанда мұсылман қауымы ораза ұстап, құлшылық етіп, қайырымдылық жасауға асығады. Адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі сабырлық болса, осы айда сабыр еткендер сансыз сауапқа ие болады екен. Қасиетті Құран Кәрімде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): "Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады", – деп айтқан.

✴️Оразаның пайдасы өте көп. Соның бірі адам баласын сабырлылыққа, төзімділікке баулиды. Өйткені күні бойы қарны ашса да ештеңе жемей, шөлдесе де бір жұтым су ішпей төзіп бағады. Өзіне жамандық жасағандарға "Мен оразамын" деп жауап беріп, төзімділікпен мінез-құлқын түзейді. Жүйкесі жұқарған жан ғана сабырсыз әрі шыдамсыз келеді. Тіпті, ұрыс-керіс, төбелес, қылмыс атаулының көпшілігі тез ашулану және сабырсыздық дегеннен туады. Демек ораза атты құлшылық түрі жүйкенің тозуынан, ұрыс-керіс, айқай-шу мен қылмысқа барудан пендені алыстатып, адами қасиеттерге баулиды.

✴️Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): "Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы", – деген. Демек ораза иманнан туындайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.

✴️Оразаның парыз етілген мерзімі санаулы күндер, яғни бір ай. Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған.

✴️Оразаның ғалымдар дәлелдеген 14 пайдасы бар. Ораза лимфоциттердің жұмысын жетілдіреді, адам ағзасының қорғаныш жүйесін нығайтады, иммунитеттерге қатысты жасушалардың құрамын жаңартып, жақсартады, адам ағзасын жасушалар мен тіндерде түзілетін зиянды заттармен уланудан сақтайды. Бұған қоса, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады. Ораза адамды жауапкершілік пен өзін-өзі тәртіпке шақыруға үйретеді.

✴️Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Өйткені қасиетті айда мұсылманға көп жақсылық пен мүмкіндіктер беріледі.

✴️Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөле­нетін ай. Берекелі айдың берекетінен құр қалмайық,ағайын! Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының фракция мүшесі