20.04.2022

САУМАЛМЕН ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫН АШУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

 

Әлемді пандемия жайлап, дәрігерлер оның емін таппай шақ ұрған шақта, Төлеби ауданының халқы күнделікті ас рационына саумал, қымызды қосу арқылы дерттің асқынуына тосқауыл қоя білді. Сондықтан болар, бүгінде саумалға деген сұраныс артып отыр.

Ғалымдар бұл өнімді зерттеп, саумалдың адамға тигізетін көптеген пайдалы қасиеттерін анықтады. Саумал – бұл жеңіл қорытылатын белсенді биологиялық өнім. Ол ағзаға сіңірілу кезінде, ас қорыту процесіне қатысатын органдарға (асқазан, ұйқы безі, бауыр, ішек) үлкен жүктеме жасамайды. Сол себептен, дененің қалыпқа келу процесін жылдамдатады. Саумал метаболизмді қалыпқа келтіруге, тұмаудың алдын алуға және қатерлі ісік ауруын емдеу үшін қолданылады. Сондай-ақ, ол қан айналымын жақсартады. Бие сүтінде көптеген дәрумендер, микроэлементтер және басқа да биологиялық белсенді заттар бар. Саумалдың көмегімен, иммундық жүйенің қызметін жақсартуға және асқазанның ойық жарасы ауруын емдеуге болады.

Аталған өнімді тұтынушылардың басым бөлігі қала тұрғындары болғандықтан, халық сұранысына орай, саумалмен емдеу орталықтары іске қосылуда. Солардың бірі, республикаға аумағына «Диханкөлдің қымызы» брендімен танылған Қоғалы ауылдық округінде кәсіпкерлер бұл жобаны қолға алды.

Былтырғы жылы жеке кәсіпкер Бағлан Рыспаев «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «Туризмді дамыту: саумал мен қымызбен емдеу орталығы» инновациялық жобасымен облыстық іріктеуге қатысып, нәтижесінде 5,0 млн теңге мемлекеттік грантты ұтып алды.

 

Грант иегері Диханкөл елді мекенінен саумал мен қымызбен емдеу ісін қолға алды. Демалыс орталығында ем қабылдаушылар үшін үш мезгіл асы мен төрт мезгіл саумал және жатын орын қызметі ұсынылады. Орталық бір мезгілде 20 адам қабылдай алады. 4 адам тұрақты жұмыспен қамтыған.

Кәсіпкер көктемнің жайма-шуақ күндерімен орталықты ашып, демалуға келетіндерді қабылдауға дайындық жүргізуде. Жеке кәсіпкер аудан әкімі Төлеген Телғараевтың жеке қабылдауында болып, өзінің бизнес идеяларымен бөлісіп, саумалмен емдеу орталығының жұмысымен таныстырды. Аудан басшысы өз кезегінде кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау бар екенін айтып, түрлі бағдарламалардың жұмыс тәртібін айтып, түсіндірді.

Саумалмен емдеу орталығының жұмысымен аудандық мәслихат депутаттары Ділмұрат Омаров пен Дина Хангелдиева танысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күші болып салатын кәсіпкерлік саласын дамытып отырған азаматтың ісіне табыс тілеп, өтініштерін тыңдап қайтты.

 

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының мүшесі