20.04.2022

ҚОҒАЛЫДАҒЫ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Қоғалы ауылдық округіндегі іс-сапары барысында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Диханкөл елді мекенінің тұрғыны С.Ташенов орталық көшені асфальттау қажеттігін, ауыз су мен газ құрылысы жүргізілген тас жолдардың беті топырақтанып, ауа-райы қолайсыз кезде жолдар лайланып кететінін айтты.

Ауыл тұрғынының сұрағына қатысты аудан әкімі Төлеген Телғараев елді мекеннің көшесін орта жөндеуден өткізу бойынша сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылғанын жеткізді. Ауылға газ құбырын жүргізіп отырған мердігер «Azia RC» ЖШС мекемесі құрылыс жұмыстарын биылғы жылы да жалғастыратынын айтып, ал ауыз су құбырын тартқан ЭлитИнвест" ЖШС – мен бірлесе отырып, газ құбыры жүргізілген аумақтардағы топырақ үйінділері тегістеліп, қазылған шұңқырларды бекіту жұмыстарын жүргізетінін айтты.

Е.Айтбаев ауыл клубын ағымдағы жөндеуден өткізу, Ұзынарық ауылына мәдениет ошағының құрылысын жүргізу қажеттігін сөз етті.

Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Диханкөл ауылындағы клуб ғимаратының сахнасы, кітапхананың едендері тозғанын, оны жөндеуден өткізу үшін былтырғы жылы жобалық-сметалық құжаттары әзірленгенін, биылғы жылы аталған құжаттар жаңартыла отырып, қаржыландыруға ұсынылатынын айтты. Ал, Ұзынарық ауылына клуб құрылысын жүргізу мәселесіне келер болсақ, қазіргі кезде бюджеттің мүмкіндіктері жете бермейтінін дегенмен бұл мәселенің шешу жолдарын қарастыратынын айтып, сала башыларына тапсырма берді.

Ауыл халқының медициналық пункті ағымдағы жөндеуден өткізіп беру жөніндегі өтінішіне қатысты облыстық департаментке ұсыныс жеткізу керектігін айтты. Ауыз судың сапасын жақсарту үшін округке қарасты үш елді мекеннің ауыз су жүйесін түбегейлі ауыстыру қажет. Бірнеше жылдар бойы қолданыста болған су құбырлары, оны жинайтын арна ескіріп, тозығып жетккен, барлығы дерлік ауыстыруды талап қажет етеді. Осы мәселені негізге ала отырып, округтегі ауыз су жүйесі толық жаңартылады.

 

Үлкен және кіші Алшалы елді мекендерін жалғап отырған көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарына жасалған жоба-сметалық құжаттары толық қайта дайындалып, қаржыландыруға ұсынылады. Ауылдарға ағын су жеткізумен айналысатын мекеме қызметкерін аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы қайта жұмысқа қабылдау мәселесі шешімін тапты.

Диханкөл елді мекені тұрғындарының ауылда орналасқан жалпы орта мектептің атауын өзгерту туралы өтініштері ономастикалық комиссияға жолданғанын, жуық арада шешілетінін жеткізді. Ауылдарға спорт кешенінің құрылысын жүргізу мәселесі бюджеттегі кезектілігіне сәйкес ретімен орындалады.

Қабылдауда болған журналист Ләззат Асанова ҚР Президенті ұстанып отырған саясатты қолдайтынын, аудан әкімінің халық арасында үнемі кездесу өткізіп, әр ауылдың проблемасымен таныс екендігіне, мәселенің шешімін табу мақсатында жұмыс жүргізіп жатқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ауылға асфальт төсеу кезінде орын алған олқылықтарды зерттегенін, ауыз су құбырын ағымдағы жөндеуден өткізу кезінде кемшіліктер болғанын, қарды тазалау жұмыстары дер кезінде жүзеге асырылмағанын, округ әкімі кері байланысқа шықпайтынын айтты.

Аудан басшысы айтылған сын-ескертпелерге қарсы сала басшыларының пікірін тыңдап, зерделеу жұмыстарын жүргізуге тапсырмалар берді.

Кәсіпкер Бағлан Рыспаев ауылдан саумалмен емдеу орталығын іске қосқанын, бүгінде қосымша ғимараттың құрылысын жүргізуде қаржы тапшылығы орын алғанын, мемлекеттен кәсіпті дөңгелетуге берілетін көмекке ықпал етуді сұранды.

Аудан әкімі қабылдауға айтылған мәселелер бойынша сала басшыларына тапсырмалар беріп, оның орындалуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының мүшесі