25.04.2022

РЕЙТИНГТІК КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕН АУЫЛ ӘКІМДЕРІНЕ ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

Төлеби ауданы әкімдігінің кезекті жоспарлы жиынында 2 мәселе қаралды. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы ретінде , әкімдік мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің төрағалары, дербес бөлім және мекеме басшылары, қала, ауылдық округ әкімдерімен  бірге қатыстым.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансур Ашрапов «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жылғы 1 тоқсан қорытындысы туралы» баяндама жасады. Биылғы жылдың І тоқсанында бюджет жоспары 122,8 пайызға яғни 117,4 млн теңгеге артығымен орындалғанымен, салық 2 түрінен толық түсім түспеген. Атап айтар болсақ, корпоративтік және төлем көзінен салық салынбайтын шетелдік азаматтар табыстарынан ұсталатын жеке табыс салығы. Ал, қала, ауылдық округтерде салық жоспары артығымен орындалған. Дегенмен, жекелеген түрлері бойынша жұмыс жүргізу қажет. Бюджеттің шығыстарына тоқтала кетсек, жоспарланған қаржы тиісті кезеңде толығымен игерілген.

Өнеркәсіп саласында 3 айда 6 млрд 939 млн теңгенінің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 86.6 пайызды құрады. Қайта өңдеу саласында 5 млрд 687 млн теңгенің өнімі дайындалған.

Ал, ауданға тартылған инвестиция көлемі 3 айда 2 млрд 424 млн теңгені құрап отыр. Инвестиция тарту жұмыстары кейбір ауылдық округтерде толығымен орындалмаған, яғни берілген меже жүзеге асуы үшін бірқатар ұсыныстар енгізілді.

Ауыл шаруашылық саласы бойынша 7 млрд 636 млн теңгенің өнімі өндірілген, яғни нақты көлем индексі 101,7 пайызды құрады. Бұл салаға бағытталған инвестициялар көлемі 973,5 млн теңге. Мал шаруашылығында 7 млрд 570,5 млн өнімі өндірілсе, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім көлемі байқалады.

Биылғы жылы 7238 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал, аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 186,1 млн теңгені көрсетіп отыр.

Қала, ауылдық округтер арасындағы рейтингтеріне келер болсақ, ең төменгі көрсеткіш Тасарық, Қасқасу, Қоғалы ауылдық округтеріне тиесілі. Себебі, округтер салық берешегін өндіру, ауыл шаруашылық, мектепке дейінгі білім беру, кәсіпкерлік саласы, тіркелген қылмыстар саны, әскери дайындық, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасын, ауыз су бойынша қарыздар мен ауыз сумен қамту бойынша төменгі көрсеткіштерге ие.

Жиындағы екінші мәселе «Аудан аумақтарын көркейту, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық-тазалық бойынша 2022 жылы атқарылған жұмыстар» жөнінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жұмабаев баяндады.

Түркістан облысының табиғатты қорғау басқармасының берген тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында 38 га жерге 23 мың көшет егу жоспарланса, оның 11 мың данасы отырғызылып, жоспар 80 пайыз орындалды. Көшет егу жұмыстары күз мезгілінде жалғасын табады.

Ал, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, Алатау-Қайнар елді мекендер аралағындағы жол бойындағы ағаштарды бұтау жұмыстарын 3 ауылдық округтер толығымен орындамаған.

Су тасқынының алдын-алу бойынша 246,2 шақырым арық-атыздарды тазалау жоспарланса, бүгінгі күні ол 73,6 пайызға, яғни 181,4 шақырымда орындалған. Ал, санитарлық тазалық жұмыстары жыл көлемінде атқарылуда. Дегенмен, жиын барысында аудан әкімі бұл мәселе күн тәртібінен түспейтінін айтып, жұмысты жандандыруды тапсырды.

Бүгінде қаладағы көпқабатты 4 тұрғын үйлерге муралар салынды.

Жиын барысында атқарылған жұмыстар бойынша аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы баяндамашыларға сұрақ қойып, ал, қала, ауылдық округ әкімдері орын алған кемшіліктер бойынша есеп берді. Басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлер, кемшіліктерге қатысты түсініктемелер ескеріле отырып, әкімдіктің қаулысы қабылданды. Әкімдік мәжілісінің қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріліп, аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалауды аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "Amanat" партиясының мүшесі