27.04.2022

АУЫЛДАРДАҒЫ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ – ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың кезекті кездесу жиыны Алатау ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиын барысында аудан әкімі ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының 2021 жылы атқарылған және 2022 жылы атқарылатын жұмытар барысы жөнінде баяндама жасады. Бұған қоса, ауылдық округтегі жүзеге асқан жобалар мен осы жылы орындалуы тиіс жұмыстарды таныстырды.

Еркін пікір алмасу, сұрақ-жауап форматында өткен жиында тұрғындар өзекті мәселелер тізгінің ағытты. Ауыл тұрғыны Е.Тәженов тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, түнгі жарық орнату, суармалы жерлерді пайдалану үшін «Таш» каналын жөндеуден өткізу, ішкі көшелерді жөндеу қажеттігін сөз етті. Екпінді ауылының тұрғыны демалыс аймақтарына келетін көліктердің жылдамдығын асыра жүргізетінін айтып, жөндеуден өткен жолдарға жол кедергісін орнатып не болмаса көше бойына камера қоюды сұранды. М.Панзабеков көшенің тарлығы мен жолдың сапасы сын көтермейтінін, жайылымдық жердің жетпейтіндігін айтты. Шұбарағаш ауылындағы көпірді жөндеу, ауыз су құбырларын ауыстыру, бұлақ басын каптаждау мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ, суармалы жерлерге егістік егу үшін «Қызыл Ұзын» каналын жөндеуден өткізу, көше бойына аяқ жол, түнгі жарық орнату мәселелері де кездесуде айтылды. Ауыл тұрғыны жерді өңдеуге қажетті тыңайтқыштарды қайдан және қандай жолмен алуға болатынына байланысты сұрақ қойды. Шатыртөбе елді мекенінің тұрғыны жөндеуден өткен жолдың тозығы жеткендігін, ауылдағы тамақтану орны су жағалауы белдеуінде орналасқандықтан, тұрмыстық қалдықтары өзенге түсетініне шағымданып, ауылдық округтен шаруаларға техникасымен көмек беретін МТС іске қосылса деген ұсынысын жеткізді.

Біркөлік елді мекенінің тұрғыны Ә.Утегенов ауылда бала саны артуына байланысты заман талабына сай мектеп ғимараты қажеттігін айтты. Екпінді ауылының тұрғыны Ә.Ергешов электер қуатының аздығынан тұрмыстық техникаларды іске қоса алмай отырғанын, ауыз су тапшылығы орын алатынын, ауылдық округ әкімі үнемі халық арасында жүріп, олардың мұң-мұқтаждарын тиісті орындарға жеткізу отыруы керектігін сөз етті. Ғ.Ибрагимов жайылымдық жерлерге қатысты түскен арыз-шағымдар негізінде облыстық прокуратура бастамасымен тексеру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын, алдағы уақытта ауыл шаруашылық мақсаттағы, жайылымдық жер бойынша зерттеу жұмыстары басталатынын айтты.

Кездесуде көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы әр сұраққа жауап беріп, оның шешілу жолдары бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде түсіндіріп өтті.

Жиынды  аудандық мәслихат хатшысы ретінде қорытындылап,  кездесу барысында айтылған және арнайы жәшіктер мен интернет желілері арқылы түкен барлық сұрақтар мен ұсыныстар жинақталып, ол бойынша арнайы іс-шара түзіліп, орындалуы бақылауға алынатынын айттым. Сондай-ақ, әрбір берілген сұрақтар иесіне жауап жолданып, ол БАҚ беттерінде және аудан әкімінің ресми сайтында жарияланады.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "Amanat" партиясының мүшесі