22.04.2022

ТӨЛЕБИ АУДАНЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ ОРТАЛЫҒЫН АБАТТАНДЫРУДА

Төлеби аудандық мәслихаттың экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, әкімшілік – аумақтық құрылым, қоғамдық өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген көшпелі жиыны Түркістан қаласында өтті.

 Аудандық мәслихат депутаттары Түркістан облысы әкімінің Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Төлеби аудан жауапты болып бекітілген сектор жұмысымен танысты. Айта кетерлігі, Түркістан қаласы секторларға бөлініп, оған жауапты ретінде облыс аумағындағы аудан, қалалар бекітілді.

 Қаланы секторларға бөлудегі басты мақсат – шаһар аумағының инфрақұрылымын дамытып, абаттандыру, көгалдандыру және суландыру жұмыстарын жандандыру болып табылады.

 Қаланы жасыл желекке бөлеп, ағын суды молайтып, микроклиматты жақсарту мақсатында Төлеби ауданына берілген сектордың ұзындығы 8856 метрді, яғни Гауһар ана және Мәдениет көшелері секілді 12 көшені құрайды. Бүгінде қаланың аптап ыстығы мен аңызақ желінде жанға сая болатын биік ағашты егу жұмыстарын қолға алған мекеме 8,8 гектар аумаққа 8980 түп қарағаш, 7020 түп қара өрік егіп, тұрақты түрде суарып, дәрілеуде,

 Тұрақты комиссияның мәжілісіне қатысқан мердігер мекеме басшысы Бақыт Жүнісов атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды. Депутаттар көгалдандыру ісіне қатысты ұсыныс – пікірлер айтып, жұмысты сапалы орындап жатқан мекеме басшысына алғыстарын білдірді.

 Түркістан қаласы – облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болғандықтан, оның тазалығы, көгалдандыру мен көркейту ісі баршамызға ортақ міндет болып табылады.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының мүшесі