29.04.2022

АУДАНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА

Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті.  Кейбір елдердегідей аса қат болмағанмен, Қазақстанда да ауыз су проблемасы бар. Дегенмен еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Ол карталарда қай жерден, қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сол аймақтағы жерасты суларының барша қоры сияқты деректер көрсетілген. Дегенмен, ауыз су тапшылығын таулы аймақта орналасқан Төлеби ауданыда сезінуде. Бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып, ол бойынша жұмыс жоспары бекітілген. Ауыз судың мәселесіне назар аударған «Amanat» партиясы «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасында қала және ауыл халқының 100%-і сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізеді деп көрсетті. Бүгінгі күні аталған бағдарлама бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Партияның сайлауалды уәделерді орындау бойынша жол картасының индикаторларын орындау бағдарламасының 2,2,2 тармағына сәйкес, 22 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су құрылыстары қайта жаңартылады. 5 елді мекенінің ауыз суына 2021 жылы  республикалық бюджет есебінен 700,0 млн теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2022 жылға өтпелі.

Облыстық бюджет есебінен 80,9 млн теңге қаржыға Мәдени елді мекеніндегі су жүйесі құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Аудандық бюджеттен 15 нысанда (Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы, Қаратөбе, Тасарық елді мекені, Көксәйек елді мекені Төлеби өткел көшесіндегі 9-үйді ауыз сумен жабдықтау, Көксәйек елді мекені Келтебұлақтан қосымша құбыр тарту, Қаратөбе, Киелітас, Аққұм, Зағамбар, Қайнар-Шатыртөбе, Момынай, Екпінді, Достық, Қорған) ауыз су құбырларын ағымдағы жөндеуден өткізу мен скважина қазу жұмыстарына 300 млн теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде 1 нысан 2022 жылға өтпелі (Қаратөбе, Тасарық е/м және Көксәйек а/о су өткізгіштерді ағымдағы жөндеу жұмыстары).

Қайта құруды қажет ететін Диханкөл елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін аудан бюджеті есебінен жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Сонымен қатар, Ленгір қаласының тұрғындарын таза ауыз су беру үшін Алатау ауыл округіндегі Көктерек су тазалау имаратының құрылысын салу үшін құны 657 млн. теңгеге сараптаманың оң қорытындысы алынып, 2022 жылы құрылысын жүргізу үшін қаржыландыруға ұсынылды.

Одан өзге ауыз сумен қамтылмаған Жаңакүш елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құны 287 млн теңгенің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, 2022 жылы құрылысын жүргізу үшін қаржыландыруға ұсынылды.  

Қайта құруды қажет ететін Ұзынарық және Алшалы елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құны 805 млн теңгенің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамасының оң қорытындысы алынып, 2022 жылға қаржыландыру үшін тиісті салалық басқармаларға ұсынылды.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, «Amanat» партиясының мүшесі