01.05.2022

САРҚЫРАМАДА САЯЛЫ САЯБАҚ АШЫЛДЫ

Бүгінде еліміз табиғатты қорғау бойынша кешенді шараларды белсенді іске асыруға көше бастады. Осыған байланысты, «Amanat» партиясының экологиялық саясаты бірқтар міндеттерді шешуге бағытталды. 

Климаттың өзгеруіне бейімделу және экономиканы декарбонизациялау шараларын қамтитын жаңа Экологиялық кодекс пен «Жасыл өсім» концепциясы қабылданды.

Ал, партияның сайлауалды уәделерді орындау бойынша Жол картасының индикаторларын орындау бағдарламасының 2,5,3 тармағына сәйкес бүгінде аудан аумағын көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. 

Мәселен, кеше  Төлеби ауданы Сарқырама елді мекенінде теңдесі жоқ саябақ ашылды. Ауыл тумасы, жеке кәсіпкер Мұрат Төлтебаев өз қаражатына ауылға кіреберіс жерге жаңа саябақ салып, ел игілігіне пайдалануға берді.

Жоба құны 700 млн теңгені құрайтын саябақтың құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Саябақтың жер көлемі 1,5 гектар. Ауыл тұрғындарының демалыс орнына айналғалы тұрған саябақта аллеялар, фонтан, түнгі жарық, бассейндер, ашық аспан аясындағы мейрамханалар, орындықтар бар. Сондай-ақ, саябақ аумағында қырым ағаштары, көлеңке түсіретін тал-теректер, көздің жауын алатын әсем гүлдер отырғызылған.

"Шерім Төлтебаев" атындағы саябақта тынығушылар үшін барлық мүмкіндіктер жасалған.

Қонақтар парк аумағында серуендеп, су жағасында тынығып, кәсіпкер Мұрат Шерімұлының Рамазан айына арнап дайындаған ауыз ашар дастарханынан дәм татты. Ауданның бас имамы Үсен Саурбаев бабалар рухына құран бағыштап, дұғалар оқыды. Саябақтың ашылу салтанатына қатысқан ел ағалары Сарқырама ауылын түлетіп, ел игілігіне еңбек еткен Шерім Қарарұлының еңбегі, өмір жолы жөнінде естелік әңгімелер айтты.

Саябақ ашылуына орай өнер жұлдыздары Нұрлан Өнербаев, Гүлнәр Сиқымбаева, Алтынай Жорабаева әннен шашу шашып, мерекеге орай ыстық ықыластарын жеткізді.

Бұған қоса, Шерім Төлтебаевтың өнегелі өмірі жайында бейнеролик көрсетілді.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "Amanat" партиясының мүшесі